Щучинскідегі өрттен қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден төленді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында болған өрт салдарынан қаза тапқан алты адамның отбасына 2 млн теңгеден біржолғы төлем берілді.
Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жедел штабтың көшпелі отырысы өтті. Онда Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қангужинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина атқарылған шаралар мен зардап шеккендердің жағдайы туралы баяндады.
Алты отбасы 2 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек алған. Жетінші отбасыға төлем жасау үшін құжаттар дайындалып жатыр. Сонымен қатар дәмхана иесі де қаза тапқандардың әр отбасысына 2 млн теңгеден төлеген.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған бес отбасының несиелері демеушілер есебінен өтеледі. Тағы төрт зардап шеккен адамға кәсіпкерлер қосымша материалдық көмек көрсетеді.
Бұдан бөлек, заңнамаға сәйкес әлеуметтік төлемдер тағайындалған.
– Азаматтардың қауіпсіздігі сөзсіз басым бағыт болып қала береді. Сондықтан да қосымша ұйымдастырушылық және алдын алу шаралары қабылданады. Зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы оқиғаның себептерін жан-жақты әрі объективті тергеп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейтуді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін Щучинскідегі дәмханада газ жарылысы салдарынан алты адамның қаза тапқаны хабарланған еді.
Кейін қаза тапқандар саны жетіге жетті.
Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.