Істі қайта қарауға Ақмола облысы прокуратурасының өтінішхаты, сотталғандар, олардың адвокаттары мен жәбірленушілердің шағымдары негіз болды.
Жәбірленушілердің талаптары әртүрлі. Бір бөлігі жазаны қатаңдатып, моральдық зиян үшін өтемақыны көбейтуді сұраса, енді бірі дәмхана иесінің жазасын жеңілдетуді, тіпті оны бас бостандығынан айырмауды қолдап отыр.
Прокурор екі сотталғанның жауаптылығын ауырлатуды сұрады
Прокуратура бірінші сатыдағы сот үкімін өзгерту қажет деп есептейді. Айыптаушы тараптың пікірінше, үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігі қылмыстық-процестік заң талаптарына сай келмейді.
— Сот жаза тағайындағанда әр сотталушының жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды үкімде көрсетуге міндетті. Алайда сот Қылмыстық кодекстің 54-бабының 2-бөлігіне сүйеніп, екі сотталғанға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды алып тастаған, — деді прокурор.
Бұл жерде жанармай құю станциясының директоры мен газ жеткізуші туралы айтылып отыр.
Прокурордың айтуынша, бірінші сатыдағы сот қылмыстың ауыр зардаптарын жазаны ауырлататын жағдай ретінде ескермеген. Себебі мұндай зардап Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігінде қылмысты саралайтын белгі ретінде қарастырылған, сондықтан оны екінші рет есепке алуға болмайды деп санаған.
Ал мемлекеттік айыптаушы мұндай тұжырыммен келіспейді.
— Біздің ойымызша, соттың бұл тұжырымы қате, заң нормасы дұрыс түсіндірілмеген. Сотталғандарға Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта абайсызда бір адамның өліміне әкеп соғу қылмысты саралайтын белгі ретінде көрсетілген. Ал сот тергеуі барысында сотталғандар жол берген заңбұзушылықтар мен 12 адамның қазасы арасында себеп-салдарлық байланыс бары анықталды. Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу аталған бапта қылмысты саралайтын белгі ретінде қарастырылмаған, — деді прокурор.
Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы қылмыстың ауыр зардаптарын жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп тануды сұрады. Прокурордың пікірінше, оқиғадан бір емес, 12 адамның қаза табуы жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігін арттырады. Сондықтан ол Бурабай аудандық сотының үкімін өзгертуді ұсынды.
Жеті жылдың орнына он жыл: жәбірленушілердің қандай талабы бар?
Жәбірленушілердің пікірі екіге бөлінді. Олардың бір бөлігі сот тағайындаған жазаны тым жеңіл деп есептейді.
Кейбірі дәмхана иесінің, яғни ғимаратты жалға алушының жаза мерзімін жеті жылдан он жылға дейін ұзартуды сұрады. Жанармай құю станциясының директоры мен газ жеткізушіні сегіз жылға бас бостандығынан айыруды талап еткендер де болды. Бірінші сатыдағы сот станция директорын жеті жылға, ал газ жеткізушіні алты жылға бас бостандығынан айырған болатын. Жәбірленушілердің көбі моральдық зиян үшін тағайындалған өтемақы мөлшерімен де келіспеді.
Жарылыстан жалғыз қызынан айырылған әйелдің пікірінше, бірінші сатыдағы сот дәмхана иесінің кінәсін мойындап, өкінгенін жазаны жеңілдететін жағдай ретінде негізсіз ескерген.
— Менің ойымша, бірінші сатыдағы сот оның кінәсін мойындап, өкінгенін негізсіз ескерді. Өйткені ол да, адвокаттары да сот барысында барлық жауапкершілікті дәмхана басқарушысына артуға тырысты. Ал басшы ретінде қарамағындағы қызметкерлер мен дәмханаға келушілердің қауіпсіздігіне өзі толық жауап береді… Менің талап-арызымдағы талаптар бастан кешкен жан азабыма толық сай келеді. Осы қайғылы оқиғадан жалғыз қызынан айырылған ана ретінде не сезініп жүргенімді ешкімнің айыптауға құқығы жоқ, — деді жәбірленуші.
Әйел моральдық зиян үшін 25 млн теңге өндіріп беруді және дәмхана иесінің жазасын он жылға дейін ұзартуды сұрады. Тағы бір әйел өрт кезінде күйеуінен айырылған. Марқұм отбасын жалғыз асырап келген. Әйелдің қолында төрт баласы қалған. Қайғылы оқиға болған кезде олардың үшеуі кәмелетке толмаған.
Ол да сот тағайындаған жазаны тым жеңіл деп санайды. Әйелдің пікірінше, қайғылы оқиға кездейсоқ қателіктен емес, қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылуынан болған. Сондықтан ол дәмхана иесінің жазасын он жылға, қалған екі сотталғанның жазасын сегіз жылға дейін ұзартуды сұрады. Сондай-ақ моральдық зиян үшін өтемақыны 30 млн теңгеге дейін көбейтуді талап етті.
Өрт кезінде денесінің 30 пайызға дейінгі бөлігін күйік шалған ер адам өзіне тағайындалған өтемақыны 3 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін арттыруды сұрады. Оның пікірінше, белгіленген өтемақы алған жарақатының ауырлығы мен оның салдарына сай келмейді. Ал өрттен ұлынан айырылған ерлі-зайыпты дәмхана иесінен 40 млн теңге, қалған екі сотталғанның әрқайсысынан 5 млн теңгеден моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп беруді сұрады.
Жаңа сараптама нәтижесінде ғимаратқа келген шығын 41 млн теңге деп бағаланған. Бұған дейін бұл сома 19 млн теңге болған. Жеке кәсіпкердің өкілі шығынды өндіріп алу мәселесін бөлек азаматтық сот ісінде емес, осы қылмыстық істі қарау кезінде шешуді сұрады.
«Түрмеде отырса, бәрінің шығынын өтей алмайды»
Алайда жәбірленушілердің бәрі бірдей жазаны қатаңдатуды талап еткен жоқ. Олардың арасында дәмхана иесінің жазасын жеңілдетуді, тіпті оны бас бостандығынан айырмауды сұрағандар да болды. Мұндай пікірді жақындарынан айырылған және өздері ауыр күйік алған адамдар да қолдады. Олар дәмхана иесінің кінәсін мойындағанын, келтірілген шығынды өтегенін әрі жәбірленушілерге әлі де көмектесіп жүргенін айтты. Олардың негізгі уәжі мынадай: дәмхана иесі түрмеде отырса, барлық жәбірленушінің шығынын толық өтей алмайды. Ал бостандықта жүрсе, оларға көмектесуін жалғастыра алады.
— Мен әйелімнен айырылдым, қызым күйік алды. Сотталғандарға қанша жыл жаза берсе де, әйелімді ешкім қайтарып бермейді. Ол алғашқы күннен бастап бәрімізбен байланыста болды, ешкімді қараусыз қалдырған жоқ. Ауруханада да жанымда жүрді. Оны қамауда ұстаудың мәні жоқ. Бостандықта жүрсе, бізге көбірек көмектесе алады, — деді жәбірленушілердің бірі.
Дәмханада жұмыс істеген тағы бір бойжеткен өрт кезінде ауыр жарақат алған. Денесінің шамамен 65 пайызын үшінші дәрежелі күйік шалған. Ол ұзақ емделіп, көптеген медициналық емшара мен операциядан өткен.
— Қазір екінші топтағы мүгедектігім бар. Алда тағы операциялар мен ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Өрттен 12 адам қаза тапты. Жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын түсінемін. Өзім де зардап шектім, мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын жақсы білемін, — деді бойжеткен.
Соған қарамастан ол дәмхана иесінің жазасын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Дәмхана иесінің адвокаттары неге үкіммен келіспейді?
Дәмхана иесінің қорғаушылары сот үкімін бірнеше себеп бойынша өзгерту қажет деп есептейді. Олар алдымен жарақат алған адамдардың санына назар аударды. Қылмыстық-процестік кодекстің 340-бабына сәйкес, сот талқылауы сотталушыға тағылған айып шегінде ғана жүргізілуі тиіс. Алайда қорғаушылардың айтуынша, Ақмола облысы прокурорының орынбасары бекіткен айыптау актісінде 12 адамның қаза тапқаны және сегіз адамның түрлі дәрежеде жарақат алғаны көрсетілген. Ал сот үкімінде 11 адамның денсаулығына зиян келтірілгені жазылған.
— Бірінші сатыдағы сотта прокурор тағылған айыпты қолдады. Алайда сот айыптау шегінен шығып, сотталушыны өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан абайсызда 11 адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Сот айыптау актісінде көрсетілмеген жәбірленушілерді өз бетінше қоса алмайды, — деді адвокат.
Қорғаушы мұны үкімді өзгертуге негіз деп санайды. Оның пікірінше, тергеу мен прокуратура жіберген кемшіліктер сотталушының пайдасына шешілуі тиіс.
Адвокаттардың тағы бір уәжі — жарақат алған 11 адамның бәрінің денсаулығына ауыр зиян келмеген. Бұған қоса, қорғаушылар сот ауыр зардаптарды бірнеше бап бойынша қатар ескеріп, заңды дұрыс қолданбаған деп есептейді. Осы уәждерге сүйенген адвокаттар дәмхана иесінің жазасын жеңілдетуді сұрады. Атап айтқанда, денсаулығына ауыр зиян келген жәбірленушілер санын 11-ден сегізге дейін азайтып, қалған үш адамға ауыр зиян келтірілгені туралы тұжырымды үкімнен алып тастауды өтінді. Қорғаушылар моральдық зиян үшін өтемақының қалай есептелгеніне де келіспеді. Бірінші сатыдағы сот жарақат алғандардың әрқайсысына 3 млн теңгеден, ал қаза тапқандардың өкілдеріне 4 млн теңгеден өтемақы тағайындаған.
Алайда адвокаттардың айтуынша, сот кейбір жағдайда бұрын төленген ақшаны, өтелген несиелер мен жерлеу шығындарын өтемақы сомасынан шегерген. Ал басқа жағдайларда бұл төлемдерді шегермеген. Сондықтан қорғаушылар дәмхана иесінің бұрын төлеген қаражатын өтемақы сомасынан шегеріп, оның мөлшерін қайта қарауды сұрады.
Жанармай құю станциясының директорын неге ақтауды сұрады?
Жанармай құю станциясы директорының адвокаттары да сот үкімімен келіспеді. Олардың айтуынша, үш сотталғанға бірнеше бап бойынша бірдей ауыр зардаптар үшін айып тағылған. Алайда әрқайсысының әрекеті әртүрлі болған. Қорғаушылар мұндай жағдайда олардың алдын ала сөз байласқаны туралы да айып тағылуы керек еді деп есептейді.
— Сотталғандардың әрқайсысы әртүрлі әрекет жасаған. Әрқайсысының әрекеті бөлек қылмыс құрамына жатады. Бірақ ауыр зардаптың нақты кімнің әрекетінен болғаны туралы сұрақ жауапсыз қалды. Егер бұл зардаптар үшін бір адамға айып тағылса, неге басқаларына да тағылады? Жанармай құю станциясының директоры мен газ жеткізушіге бір бап бойынша айып тағылған. Егер олар қылмысты бірге жасаса, алдын ала сөз байласу да болуы керек. Алайда мұндай келісім болуы мүмкін емес. Өйткені сол күні директор Көкшетауда болған, — деді адвокаттар.
Қорғаушылар сарапшылардың пікіріне де сүйенді. Олардың айтуынша, газ шамадан тыс толтырылған баллонның жарылуы үшін де оның белгілі бір бөлігіне жылу әсер етуі қажет. Адвокаттардың пікірінше, бұл станция директорының әрекеті немесе әрекетсіздігі жарылыстың ауыр зардаптарына тікелей себеп болғаны дәлелденбегенін көрсетеді. Сондықтан олар директорға қатысты айыптау үкімін негізсіз әрі заңға қайшы деп есептеп, оның күшін жоюды және ақтау үкімін шығаруды сұрады. Қорғаушылардың пікірінше, директорға ең көбі әкімшілік жаза, мысалы, айыппұл салуға болады.
Газ жеткізушінің адвокаттары не талап етті?
Газ жеткізушінің қорғаушылары да Бурабай аудандық сотының үкімімен келіспей, оның күшін жоюды сұрады. Олардың пікірінше, сот тұжырымдары істің нақты мән-жайына сай келмейді. Сондай-ақ газ жеткізушінің әрекеті мен жарылыстың ауыр зардаптары арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары дәлелденбеген.
— Менің қорғауымдағы адам тапсырысты қабылдап, дәмханадағы бос баллондарды автогаз құю станциясына апарып, кейін қайта жеткізген. Оның жұмысы осы ғана болған. Алайда сот тағылған айыптың шегінен шығып, оған басқа адамдардың, соның ішінде жанармай құю станциясы қызметкерлері мен дәмхананы жалға алушының міндеттерін жүктеген, — деді адвокат.
Қорғаушының айтуынша, сол күні газ жеткізуші әкелген баллонның жарылғаны да дәлелденбеген. Өйткені дәмханада кемінде бес газ баллоны болған. Адвокаттар жарылысқа екі жағдай әсер еткен болуы мүмкін деп есептейді.
Біріншісі — баллонға газдың шамадан тыс құйылуы. Бұған жанармай құю станциясы жауапты болған. Қорғаушылардың айтуынша, станциядағы таразылар дұрыс жұмыс істемеген.
Екіншісі — баллонның қандай жағдайда сақталғаны. Қорғаушылардың айтуынша, бұған дәмхана жауапты болған.
Осы уәждерге сүйенген адвокаттар газ жеткізушіге қатысты сот үкімінің күшін жоюды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Щучинскідегі «Палау орталығы» ісі бойынша бірінші сатыдағы сот үкімі жарияланған болатын.