Оның айтуынша, Щучинск қаласының стационарына күйіктің әртүрлі дәрежесімен 13 науқас түскен. Қазіргі уақытта 6 науқасты Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
«Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медициналық мамандар тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді. Қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті көлемде бар. Науқастардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», деді облыс әкімінің орынбасары.
Еске салайық, Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, кейін өрт шыққан. Ақмола облысы әкімдігінің соңғы мәліметінше, қаза тапқандар саны жеті адамға жетті, олардың арасында 16 жастағы қыз бар. Барлығы 26 адам зардап шекті: 13 адам Бурабай аудандық ауруханасында жатыр, алтауы амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеуде, санитарлық авиация тартылған. Жарылыстың себептері анықталуда. Әкімдік жағдай туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды. Сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетіні айтылды.