Шудың суын ешкім бұрып алған жоқ – министрлік депутат сауалына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен депутаттық сауалына жауап берді.
Депутат өз сауалында Жамбыл облысында Шу өзенінің суын өзіне бұрып алған фазенда иесіне жергілікті әкімдік пен Су ресурстары және ирригация министрлігі ештеңе істей алмай отырғанын айтқан.
Министрлік Мойынқұм ауданың әкімдігінің берген мәліметін алға тартып, депутат келтірген мәліметтің бәрін теріске шығарып отыр.
- Мойынқұм ауданы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Мойынқұм ауданы аумағында өзен маңайында 68 шағын шаруа қожалығы және екі ірі ЖШС бар. Оларда тиісінше 5800 және 1700 бас ірі қара мал ұсталады. Өзен арнасын өз бетімен бұру фактілері болмаған және барлық суармалы алқаптар су шаруашылығы лимиттері мен рұқсатталған тәртіпке сәйкес сумен қамтамасыз етіледі, - деп жазылған жауапта.
Министрлік мамандары Шудың суын мемлекет қалай реттеп отырғанына кеңінен түсініктеме берген.
- Шу өзенінің алғашқы табиғи тарамданған бөлігі Мойынқұм ауданындағы Радай өзегі болып есептеледі. Мұнда су алдымен кең аумаққа жайылады. Бұл табиғи фильтрация мен судың сіңірілуін қамтамасыз етеді. 2024 жылдың қараша айында су көлемі 120 м³/сек деңгейіне дейін көтерілген кезде мұз Радай арнасындағы бөгетті жырып өткен. Соның салдарынан 2024 жылдың 23 желтоқсанында Мойынқұм мен Қылышбай ауылдарын су басу қаупі туындап, төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған байланысты су көлемі біртіндеп төмендетіліп, 2025 жылдың 17 қаңтарында 90 м³/сек деңгейінде тұрақтандырылды, - делінген министрлік жауабында.
Жауаптағы мәліметке сенсек, Радай өзегіне суды молынан жіберу тасқын қаупін туындатуы мүмкін.
- Осы оқиғалар ескеріліп, 2025 жылы Радай өзегінің басына су реттегіш құрылғы орнату туралы шешім қабылданды. Яғни, Радай өзегіне көп мөлшерде ағын су жіберу қауіпті. Бұл құрылғы – судың табиғи ағысын кезең-кезеңімен, қауіпсіз және тиімді басқаруға, яғни суды Шу өзенінің негізгі арнасымен жіберіп, Созақ ауданына суды жеткізу уақытын азайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Тасөткел су қоймасынан 75 м³/сек су және Фурманов су торабынан Қорағаты өзенінің суын қоса алғанда 85 м³/сек суды 1 мамырға дейін жіберу туралы келісілді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр, - деп жазады министрліктегілер.
Бұған дейін Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі былтырғыдан аз болатыны айтылған еді.