ШҰҒЫЛ: Ақмола облысында ұшақ жерге қону кезінде отқа оранды, екі адам жапа шекті

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ұшақ жерге қонарда отқа оранды, екі адам зардап шекті, деп хабарлады өңірлік ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері мәлім еткендей, Астана қаласындағы травматология және ортопедия бөлімшесінің ауруханасына жедел-жәрдем көлігімен 2 адам жеткізілді. Зардап шеккеннің біріншісі - 1966 жылғы Целиноград ауданы Ильинка ауылының тұрғыны, ұшқыш-инструктор болып қызмет жасайды, аяғы мен бетін 45 пайызға күйік шалған.  Зардап шеккеннің екіншісі - Астана қаласындағы орта мектептердің бірінде оқитын 17 жасар бозбала «бетін, мойын мен денесін күйік шалу, оң және сол жілінгішігі сыну» диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Екеуі де жан сақтау бөлімінде жатыр.

«Астана қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Шортанды ауданының аумағында, Бозайғыр ауылынан 18 шақырым жерде Республикалық мемлекеттік кәсіпорын авиа орталығының жазғы алаңында TL-2000 маркалы ұшақ жерге қону кезінде өртке оранды, соның салдарынан екі адам жарақаттанды», - деп хабарланды баспасөз қызметінен.