ШҰҒЫЛ: Ақмола облысындағы ірі жол-көлік апатына күдікті қамауға алынды деген ақпаратты оның адвокаты жоққа шығарды

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы ірі жол-көлік апаты бойынша күдіктіні қамауға алуға Аршалы аудандық сотының судьясы санкция берген жоқ. Бұл жайында ҚазАқпаратқа аталған күдіктінің адвокаты  Толыбай Теңізбаев хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 19 тамызда болған апаттың салдарынан 16 адам қаза болды.

Қорғаушының сөзіне қарағанда, 34 жастағы Дмитрий Козлов есімді күдіктіге аталған жол-көлік оқиғасынан кейін жасалған отадан соң ол есін жиды. Оның жағдайының нашарлануына қатер жоқ. Алайда оны тасымалдауға мүмкін емес және осыған байланысты Д. Козлов сотқа да келуге қауқарсыз.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде Д.Козлов ауруханада жатыр. Оны сақшылар күзетіп отыр. Жол-көлік апатына кінәлі деген күдікпен Д.Козловқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы - екі және одан да көп адам өліміне әкеліп соқтырған жол жүру ережелерін бұзу әрекеті, екіншісі, 297-бап - оқиға болған жерден қашып кету. Алайда, Т. Теңізбаев  Д. Козловтың  апат орнынан қашып кетті дегенге келіспейтіндігін айтып отыр.

Айта кетейік, бүгін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында күдікті аталған іс бойынша қамауға алынды деген хабар тарады.