ШҰҒЫЛ: Ақсай шатқалында 8-ші адамның мүрдесі табылды

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы облысының Ақсай шатқалында 8-ші адамның мүрдесі табылды. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.

«Бүгінгі күні іздеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, жедел-тергеу тобы да әрекет етуде. Осыған орай, сот-медициналық сараптама жұмыстары да жүргізілетін болады», - деді ІІМ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, кеше 13 тамызда Алматы облысының Ақсай шатқалында 7 адамның мүрдесі табылған. Атап айтқанда, Қарасай ауданының Таусамалы ауылынан 5 шақырым жерде орман шаруашылығының төртінші кордонынан пышақталған  екі адам - әйел мен ер азаматтың мүрделері анықталды. Бұдан бөлек «Тау самалы» демалыс аймағының аумағынан 3 адамның: бір әйел мен екі ер адамның мүрделері табылды. Жоғарыда аталған ауылдан 25 шақырым жердегі бесінші кордонда өрт болып, ол сөндірілген соң оқиға орнынан тағы екі ер адамның мүрделері табылған. Бүгін Ішкі істер министрі 8-ші адамның сүйегі табылғанын хабарлады.