ШҰҒЫЛ: Алматы маңындағы апат орнында «қара жәшік» табылды

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматы түбінде CRJ 200LR ұшағы құлаған жерде «қара жәшік» табылды, оны ашу үшін Мемлекетаралық авиациялық комитетке жіберіледі, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінен.

Комитеттің мәліметтерінше, CRJ 200LR ұшағы 2000 жылы Канадада шығарылды. Қазақстанда ұшу жарамдылығының сертификаты аталған әуе кемесіне оның қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіні дәлелденген соң 2012 жылы берілді.

Аталған ұшақ техникалық қызметтен 2011 жылдың маусымында Данияның Копенгаген қаласында өтті, апат кезінде Қазақстанда ұшу уақыты 884 сағатты құрады, 588 қону жасалды.

1997 жылы құрылған «СКАТ» әуе компаниясы пайдаланушының кезекті куәлігін 2012 жылдың маусым айында алды. Пайдалану мерзімі - 14.06.2014 жылға дейін. Аталған құжат әуе компанияларына 2 жылдан көп емес уақытқа беріледі, одан кейін әуе тасымалдаушысы сертификаттаудың қайта процедурасынан өтуі тиіс.

Ұшақтың экипажы: экипаж командирінің жалпы ұшу уақыты - 18 194 сағат, соның ішінде CRJ 200 ұшағымен командир ретінде ұшу уақыты 1010 сағатты құрайды. Екінші ұшқыштың жалпы ұшу уақыты - 3 507 сағат, соның ішінде CRJ 200 ұшағында - 132 сағат. Екі ұшқыш та соңғы қайта дайындықтан 2012 жылдың қараша айында Литвада өткен болатын.