ШҰҒЫЛ: Алматы облысында лаңкестік ұйымның бес мүшесінің көзі жойылды - ҚР Бас прокуратурасы
«Кеше, 2011 жылдың 3 желтоқсанында Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кентінде лаңкестік топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Топ мүшелері 2011 жылдың 8 қарашасында екі полиция қызметкерін өлтіріп, Алматы қаласында жаңа зорлық-зомбылық әрекеттерін іске асыруды жоспарлаған.
Топ жетекшісі 1977 дүниеге келген Ағжан Хасен 2011 жылдың 28 қазанынан бері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнің 233-2-бабы (лаңкестік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген болатын», -деді ол.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында жедел-іздестіру шаралары барысында топтың көшбасшысы және бірқатар мүшелері Боралдай кентінде табылған. Ұстауға әрекет жасаған кезде қылмыскерлер белсенді қарулы қарсылық көрсеткен.
«Арнайы операция барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметінің арнайы бөлімшесінің екі қызметкері жараланып, қаза тапты», деді ресми өкіл.
Н.Сүйіндіковтің атап өтуінше, қылмыскерлер аталған поселкенің Шпак көшесі, 43 мекен-жайындағы тұрғын үйде жасырынып, оларды ұлттық қауіпсіздік органдары мен Алматы қалалық және облыстық ішкі істер органдарының арнайы бөлімшелері қоршауға алған. Тез арада, бекітілген тәртіп бойынша көршілес үйлердің жергілікті тұрғындары қауіпсіз аумаққа шығарылып, ауданды оқшаулау ұйымдастырылды, апаттық-құтқару және медициналық қызметтері тартылды.
«Ерікті түрде берілуден бас тартқан соң және көрсетілген қарулы қарсылыққа жауап ретінде олардың жетекшісін қоса алғанда лаңкестік топтың бес мүшесі жойылды. Қылмыскерлер жасырынған үйден екі РГД-5 гранатасы, екі-екіден Калашников автоматы мен Макаров тапаншасы табылды. Азаматтық тұрғындар арасында қаза болғандар мен жараланғандар жоқ. Арнайы операция 2011 жылдың 3 желтоқсаны күні 23 сағат 50 минутта аяқталды», деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, оқиға орнында жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнің 96 (адам өлтіру), 251 (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 237 (бандитизм) баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Оқиға орнын мұқият тексеру және лаңкестердің мәйіттерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Алматы облысының құқық қорғау органдары қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшірілді, жағдай толық бақылауда. Тұрғындарға қауіптенуге және мазасыздануға негіз жоқ. Тергеудің нәтижелері және қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады», - деді Н.Сүйіндіков.