Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше кешкі сағат 21:30 шамасында Жедел басқару орталығына Медеу ауданының тұрғыны хабарласып, Бөгенбай батыр мен Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан шағын бақта араққа сылқия тойып алған белгісіз азамат оған жұдырық ала жүгіргені жайлы шағымданған. Ал бұл уақыт ішінде басбұзар көрші аулада өз бетімен кетіп бара жатқан өзге азаматтардың да мазасын алып жатқан.
Оқиға орнына келген «Боран-127» экипажына болған жәйтті баяндаған жәбірленушінің айтуынша, ол кешкі салқынмен бес айлық баласын қол арбаға отырғызып, көше бойында орналасқан саяжолмен серуендеп келе жатқан. Артқы жағынан кенеттен келіп, жұдырық жұмсаған ер адам балалы әйелді соққының астына алмақшы болған. Алайда, ебін тауып сытылып шыққан әйел айналадағы адамдардан көмек сұрайды. Ешкімнің көмек қолын созбасын түсінген ол, дереу полиция органдарына хабар берді.
«Араққа сылқия тойып алған бұзақыны жәбірленуші жазбай таниды. Тәртіп сақшыларының қойған талабына бағынбаған басбұзар оны тыныштандырмақ болған полиция капитаны Санат Мысакеевтің бет тұсына соққы жасап, оның әріптесі полиция сержанты Мұрат Әбіровтың кеуде тұсына бірнеше мәрте пышақ салады. 3 соққыны оқ сауыты қорғап қалғанымен, қаскөй бұзақы оның сауыт қорғамайтын бүйір тұсына жарақат салып, жерге құлатады.Жағдайдың ушығып бара жатқанын дереу бағамдаған, бұзақының қолынан басқа да азаматтардың зардап шегуі мүмкін екендігін түсінген полицей өзінің қызметтік тапаншасын пайдалануға мәжбүр болады», - дейді Медеу аудандық ІІБ бастығы Бақыт Қасабеков.
Оның айтуынша, басбұзар бас сүйегіне тиген оқ жарақатымен жақын маңдағы ауруханалардың біріне жеткізілгенімен, бүгін таңғы сағат жетілер шамасында жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ал бүйір тұсынан дене жарақатын алған патрульдік полиция полкінің сержанты екінші жедел жәрдем көлігімен дереу ауруханаға жеткізілді.
Бүгінгі таңда осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 257-бабының 1-бөлімі бойынша, яғни бұзақылық, сондай-ақ, полиция қызметкерінің өміріне қауіп тудыру фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 24-бабы, 3-бөлімі және 96-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.