ШҰҒЫЛ: Анар Мешімбаева 7 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Есіл аудандық сотында 2009 жылы ұлттық санаққа бөлінген 758 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі сот залынан.

Анар Мешімбаева сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап еткені, сондай-ақ қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын жалпы режимдегі колонияда өткеретін болады. Сонымен қатар оның барлық жекеменшік мүлкі тәркіленеді. Дегенмен, Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы екі бап бойынша да кінәларын мойындамады.

«ҚР Қылмыстық Кодексi 176-бабының 3-бөлігінің "б", "г" тармақтары бойынша Анар Мешiмбаеваны сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап еттi, сондай-ақ қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыппен Анар Мешiмбаеваны кiнәлi деп тауып, оны 7 жылға жалпы режимдегi колонияда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, жекеменшiк мүлкiн тәркiлеу және мемлекеттiк қызметке орналасуға 5 жылға дейiн тыйым салу қарастырылсын», - деп кесіп айтты Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Ақмарал Исаева.

Анар Мешімбаеваға қатысты қозғалған қылмыстық іс 2010 жылдың қаңтар айында басталған болатын. Ол кезде А. Мешімбаева Қазақстаннан кетіп, ізін суытқан. Алайда төрт жыл салып, ол Мәскеуде ұсталды.