ШҰҒЫЛ: Астана арландары Mexico Guerreros боксшыларын жерге қаратты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 'Astana Arlans»-тың ауыр салмақтағы боксшысы хорватиялық Филип Хргович Mexico Guerreros боксшысы Ренат Рахимовты жеңіп, матч қорытындысында 3:2 есебімен командасын алға шығарды, деп хабарлады Vesti.kz.

Кездесудің алғашқы раундында Ф.Хрговичтің ауыр соққысы қарсыласын есеңгіретіп, төрешінің есеп ашуына тура келді. Дәл осындай жайт екінші раундта да қайталанғаннан кейін төреші шаршы алаңдағы айқасты тоқтатып, жеңісті техникалық нокаутпен Астана арланы боксшысына беруге мәжбүр болды.

Айта кетейік, шаршы алаңдағы екі команда кездесуінде Мирас Жақыпов қарсыласы Элиас Эмигдиодан техникалық нокаутпен ұтылса, Самат Башенов те азулы қарсыласы Линдолфо Дельгадодан айласын асыра алмаған еді. Дегенмен келесі екі жекпе-жекте, біздің жігіттер, атап айтқанда Манат Өмірзақов Марвин Кабрерді, ал Хрвойе Сеп Петр Чебанды жеңді.