ШҰҒЫЛ: Астана бойынша ҰБТ-ның нәтижелері шығарылды, орташа балл - 78,46

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласының Білім саласындағы бақылау департаменті Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелерін шығарды. Қорытындыларды шығаруға ұстаздар, ата-аналар қауымы мен мектеп түлектері қатысты.

2012 жылы Астана қаласында 11 сыныпты 4049 оқушы аяқтады, олардың 3549-ы немесе 87,6 пайызы ҰБТ-ға қатысты. Астана қаласы бойынша орташа балл 78,46-ны құрады. Төрт пән бойынша төменгі межені 752 түлек немесе 21,19 пайызы еңсере алмады.

Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың 125 жеңімпазы мен жүлдегері Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен ҰБТ-дан босатылды.

Емтиханды дәстүрлі түрде 497 оқушы тапсырды (3 оқушы денсаулық жағдайларына байланысты емтиханнан босатылды).

«Алтын белгіге» 178 үміткердің - 60-ы, сондай-ақ үздік аттестатқа үміткер 13 түлек өз білімдерін растай алды.

Тестілік тапсырмалардың базасы 142 806 тапсырмадан тұрады. Алғаш рет тапсырмаларға математикадан логикалық сипаттағы сұрақтар енгізілді, әрбір нұсқаға осындай бір-бір сұрақтан енді. Жаңа тапсырмаларды әзірлеуге және сараптамаларды өткізуге республиканың ең үздік деген 166 ұстазы тартылды.

Биылғы жылғы ҰБТ Астана қаласы оқушыларының біліміне объективті баға берді.

Ең үздік 10 мектептің алдыңғы шебіне дәстүрлі түрде Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебі орналасты, орташа балл - 108,4. Одан кейін қыздарға арналған қазақ-түрік лицейі - 102,68 балл, ұлдарға арналған қазақ-түрік лицейі - 102,4 балл, №6 гимназия - 94,69 балл, «Көгілдір парус» - 94,33 балл, «Астаналық» лицейі - 93,5 балл, «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейі - 92,02 балл, №38 мектеп-лицейі - 91,93 балл, №50 мектеп-лицейі - 91,24 балл және №3 мектеп-лицейі - 92,02 балға қол жеткізді.

 Айта кетейік, «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінің түлектері биыл ҰБТ-ға алғаш қатысты, нәтижесінде алғашқы ондыққа енді.