Астана халықаралық әуежайына Алматыдан ұшып келген спортшыларды Астана тұрғындары мен қонақтары ыстық ықылас пен қошаметке бөледі. «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанаты еліміздің көк байрақтарын желбіретіп, «Алға, Қазақстан!» деген ұранмен әуежай алдын үлкен мерекеге айналдырды.
Тұманды Альбионнан алтын медаль алған Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Ольга Рыпакова және күміс, қола медаль алған саңлақтармен қатар, Лондонда өнер көрсеткен барлық спортшылар жанкүйерлер алдынан жүріп өтті.
Сол жерден олимпиадашылар лимузиндерге отырып, қаланы аралауға аттанып кетті.
Күннің екінші жартысында олар арнайы төбесі ашық көліктерге отырып, халық жиналған көшелер арқылы салтанатты шерумен жүріп өтеді. Сосын Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік Сарайында болатын ХХХ Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың қол жеткізген зор жетістігінің құрметіне арналған салтанатты шараға қатысады.
Ал кешкі сағат 21:00-де олимпиадашылар «Бәйтерек» монументінің алдында өтетін шоу-бағдарламаға қатысады.