Бүгін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты лаңкестік топқа қатысты үкім шығарды. Оны Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Мейрам Жанғұттинов оқыды.
«ҚР Қылмыстық Кодексі 58 бабының 3 тармағына сәйкес, қылмыстарды біріктірудің негізінде С.Қошалақовқа 10 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу ақтық жазасы тағайындалсын», - деді М.Жанғұттинов.
Сонымен қатар К.Шәріпов - 10 жыл, Е.Қадірсізов - 9 жыл қатаң режимді колонияда бас бостандығынан айыру жазасын алды. А.К. Қасқабаев пен С.К.Жүнісов жалпы режимдегі колонияға 6 жылға кесілді және мүліктері тәркіленеді. Б.К. Әбдікеров 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, «Астана террористеріне» қатысты сот процесі 2013 жылдың мамыр айында басталған болатын.
Іс бойынша 6 адам айыпталып отыр: С.А.Кошалаков, А.К. Шәріпов , Б.К. Әбдікеров, Е.Е.Қадірсізов, А.К. Қасқабаев, С.К.Жүнісов.
Оларға жарылғыш заттарды пайдалана отырып, жарылысты және өзге де әрекеттерді жасау мақсатында сөз байласу, террористік топты құру, қару жарақ пен оқ-дәрілерді жымқыру және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айыптар тағылып отыр.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, С.Қошалақов лаңкестік топты құрған. Оның мақсаты лаңкестік актілерді жасау, сондай-ақ өлтіру және қызметтік қаруды иемдену пиғылымен құқық қорғау және арнайы қызметтердің қызметкерлеріне шабуыл жасауды ұйымдастыру арқылы Қазақстан аумағында Халифат ислам мемлекетін құру болған.
Тергеу органдарының мәліметтеріне сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу және халықты қорқыту мақсатында Қошалақовтың басшылығындағы террористік топ Бейбітшілік және келісім сарайында жарылысты, қызметкерлерді өлтіру мақсатында Астаналық ҰҚД ғимаратына шабуылды, сонымен қатар Қазақстан Республикасының жоғарғы лауазымды тұлғаларына қастандық жасауды ұйымдастыруды жоспарлаған. Осы мақсатта А. Шәріпов өзінің кәмелетке толмаған мұсылман зайыбы Нұрғалиеваға кері әсер ете отырып, жоғарғы лауазымды тұлғалардың қатысуымен Астана қаласында өтетін жаңа Опера және балет театрының ашылуы барысында өзін-өзі жару арқылы өзін құрбандық ету мақсатында оны шахид ретінде террористік топқа кіруге дайындай бастаған.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, "астаналық террористерге" қатысты іс процесі жабық есік жағдайында өтті.