Бұл туралы бүгін ҚазАқпаратқа ҚР ҰҚК-ның баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров мәлім етті.
Оның атап өтуінше, ДНҚ-ға сараптама жасау процесі ұзақ әрі белгілі бір уақытты қажет етеді. Осы күндері Астанаға 14 шекарашының туған-туыстары мен жақындары келіп, ДНҚ-ға қан тапсырды. Ол аяқталғаннан кейін және ДНҚ-нің сәйкестігі белгілі болғаннан кейін толық ақпарат таратылатын болады.
Дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) - тірі организмнің қызметі мен дамуының генетикалық бағдарламасын жүзеге асыратын және ұрпақтан ұрпаққа берілуінің сақталуын қамтамасыз ететін макромалекула.
ҚазАқпарат тілшілері жарияланым әдебі мен ережесінің нормаларын сақтай отырып, тыңғылықты әзірленген және нақты ақпаратқа сүйенеді, әрі «Арқанкерген» бекетінде қайғылы жағдайда мерт болған шекарашылардың ата-аналарына, туған-туыстарына, жақындарына, достарына шын көңілден қайғырып көңіл айтады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ақпараты бойынша, 30 мамырда ҚР ҰҚК шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасы Үшарал шекара жасағы «Сары бөктер» заставасының наряды тауда жазғы уақытта 15 шекарашы қызмет атқаратын «Арқанкерген» шекара бекетінің жанып кеткен ғимаратын көрген. Тексеру барысында жанып кеткен 13 адамның, оның ішінде бекет жанында орналасқан аңшылық шаруашылығы қорықшысының мәйіті табылды. Сәл кейінірек тағы бір жауынгердің мүрдесі табылды.
Оқиға болған жерде шекара қызметінің директоры генерал-майор Нұржан Мырзалиевтің басшылығымен ҚР Ішкі істер министрлігі және Бас әскери прокуратура мамандары мен өкілдерінің қатысуымен жедел тергеу тобы жұмыс істеуде. 5 маусым күні ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері Қазақстан-Қытай шекарасына таяу маңнан 15-ші жауынгерді дін аман тауып, ұстады. Оған қаруластарын өлтірді деген күдік келтіріліп отыр.