ШҰҒЫЛ: Астанада ҰБТ тапсыру аяқталды

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада мектеп түлектері үшін Бірыңғай ұлттық тестілеу аяқталды.

Астана әкімдігінің мәліметінше, барлығы елордада ҰБТ тапсыруға 3549 оқушы қатысты. Тағы 497 түлек, соның ішінде 114 оқушы - халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ алыс және жақын шетелдің жоғары оқу орындарына жолдама алған түлектер дәстүрлі емтихан тапсырды.

Сырқаттануы себепті 3 оқушы тестілеуге келе алмады. Олар шілде айында биыл оқуға түсуді жоспарлап отырған бұрынғы жылдардағы түлектермен бірге кешенді тестілеуге қатыса алады.

Қазіргі таңда, апелляция нәтижелерін есепке алмағанда, Астанадағы ең жоғарғы көрсеткіш - 125 балл. Ондай нәтижеге қыз балаларға арналған Қазақ-түрік лицейі (ҚТЛ) түлегі Әсел Қысықова қол жеткізді. ҰБТ қатысушыларының 23 пайызы 90 мен 125 аралығында балл жинаған. Алдын-ала берілген мәліметтерге сәйкес, Астананың білім мекемелерінің үздік ондығына дарынды балаларға арналған Зерде мектебі (108,35), қыз балаларға арналған ҚТЛ (102,66), ұл балаларға арналған ҚТЛ (102,41), №6 гимназия  (94,67), «Көгілдір желкен» жеке мектебі (94,33), «Елордалық» лицей (93,50), №38 мектеп-лицейі (91,91), №50 мектеп-лицейі (91,24), №3 мектеп-гимназиясы (90,12) және №60 мектеп-лицейі (89,96) енді.

ҰБТ қорытынды нәтижелері мен елорда мектептерінің орташа балдары Республикалық апелляциялық комиссия жұмысын аяқтаған соң белгілі болады.