ШҰҒЫЛ: Астанада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешіті өртеніп жатыр

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешіті өртеніп жатыр.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Астана қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Бибігүл Есмағамбетова хабарлады.

Қазіргі уақытта жарақат алғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Сондай-ақ, өрттің шығу себептері мен оның қанша аумаққа таралғандығы белгісіз.

Тілсіз жауды ауыздықтаумен ТЖД өртке қарсы қызметінің жеке құрамы айналысуда.  

Еске салайық, осы күнге дейін мешіттің құрылысы 90 пайызға аяқталған болатын. 3 қабаттан тұратын мешітте неке қию залы, асхана, техникалық бөлмелер, имамдардың кабинеттері орналасатын болады. 5000 адамға есептелген діни мекеменің ауданы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ал нысанның алып жатқан жалпы аумағы - 12 гектарға жуық.