ШҰҒЫЛ: Боксшы Ғани Жайлауов үндістандық Джай Бхагванды жеңіп, өзінің туған күніне сый жасады

None
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Осы уақытта Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындары аясында 60 және 75 келі салмақ санаттарында бокстан 1/8 финалдық кездесулер өтуде.

60 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға Үндістан спортшысы Джай Бхагванға қарсы шыққан жерлесіміз Ғани Жайлауов 16:8 есебімен басым түсті. Айта кетейік, ертең, 3 тамызда Ғанидің туған күні. Боксшымыз 27 жасқа толады.

Естеріңізге сала кетейік Ғ.Жайлауов 29 шілде күні өткен алғашқы жекпе-жегінде тай боксшысы Сайл Ардиді ұтқан болатын. Оның келесі қарсыласы қытайлық Жианг Лию мен кубалық Иасниер Толедо Лопез арасындағы жекпе-жектен соң анықталады. 

1985 жылы Қызылорда облысы Арай кентінде туған Ғ.Жайлауов халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

ХХХ жазғы Олимпиадаға жолдаманы өткен жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында жеңіп алды. Ғани Жайлауовтың жаттықтырушысы танымал бапкер Нұрлан Ақүрпеков.