ШҰҒЫЛ: боксшы М.Вольнова азулы қарсыласын жарыс жолынан ығыстырып, жартылай финалға өтті
20:58, 06 Тамыз 2012
АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Олимпиада ойындарында бокстан 75 келі салмақ санатында Қазақ елінің намысын қорғайтын Марина Вольнова ширек финалда британдық Саванна Маршалмен жұдырық түйістірді.
Азулы қарсыласынан еш ықпаған Марина алғашқы 2 раундты 7:7 есебімен тең аяқтаған болатын. Дегенмен, соңғы екі кезеңде барын салған біздің былғары қолғап шеберіміз үшінші кезеңді - 3:1, ал төртінші раундты 6:4 есебімен аяқтады. Осылайша Марина жартылай финалға жолдама алды.
Естеріңізге сала кетейік, Марина 1/8 финалда кениялық Элизабет Андиегоны айқын басымдықпен ұтып, келесі айналымға жолдама алған болатын.
1989 жылы шілдеде Қызылорда қаласының Қазалы қаласында дүниеге келген Марина бокспен 6 жасынан бастап айналысады. Осы уақытқа дейін зор жетістіктерге де жетті. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Бокстан еліміздің төрт дүркін чемпионы, 2010 жылы Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.