ШҰҒЫЛ: Екі жас хоккейші жол-көлік апатында қаза болды, Өскемен дәрігерлері тағы да екеуінің өміріне араша түсуде

None
ӨСКЕМЕН. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жол-көлік апатына түскен екі жас хоккейшінің жағдайы аса ауыр, алайда дәрігерлер олардың өміріне араша түсуде.

Ана мен бала орталығының директоры Рая Рахымованың сөзіне қарағанда, жол-көлік апатына түсіп, ауруханаға жеткізілген екі баланы медициналық тексеруден өткізді. «Олардың біреуі травматикалық шоктан шықты. Мен жағдайдың жақсы болатынына сенемін. Дәрігерлер балаларды құтқарып қалады, ол үшін барлық қажетті жағдай жасалуда», - деді ШҚО-ның бас балалар дәрігері, Ана мен бала орталығының басшысы.

Ол сондай-ақ оқиға орнына жан сақтау және нейрохирургия қызметінің барлық бас мамандары шыққанын айтты. жол-көлік апатына тап болғандарға жедел әрі жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетілді.

Өкінішке қарай 11 және 13 жастағы екі жасөспірім жол-көлік апаты кезінде жан тәсілім етті, олардың мәйіттері сот сараптама орталығына жеткізілді.

Апаттан аман қалған 11 және 13 жастағы жасөспірімдерді санитарлық авиация  ана мен бала орталығына жеткізді. Мәлім болғандай, балалардың бас сүйек-миы зақымданған, олардың бірнеше жері сынған, жағдайлары ауыр. Оқиғаның басқа мән-жайы туралы әзірге хабарланбай отыр. Тек олардың аты-жөндері белгілі - Ефремов және Минтаев.

Облыстық полициядан хабарланғандай, қайғылы жол-көлік апаты кеше сағат 10.10-да Өскеменнен 43 шақырым жерде, Өскемен-Семей тас жолында орын алған. «Митсубиси Паджеро» көлігі мен «Тайота Камри-30» көлігі соқтығысты. Соқтығысудың салдарынан 2 бала алған жарақаттарына байланысты оқиға орнында көз жұмды, тағы да екі бала жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

«Митсубиси Паджеро» көлігінің жүргізушісі кеуде тұсына жарақаттанды, қабырғалары сынды.

Жол-көлік апатының  себептері мен оған кінәлілер анықталу үстінде.