ШҰҒЫЛ: Іле Алатауы ұлттық саябағының аумағынан 261 бала қауіпсіз жерге көшірілді, 500-ден астам адам 16 га жерге тараған өртті сөндіруде

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағындағы Медеу шатқалында алдын ала мәліметтер бойынша, кеше сағат 22:35-те Мохнатка тауының бөктеріндегі пішен, тау-шілік және ағаштар өртене бастады,

деп хабарлайды ҚР ТЖМ.

«Тау күні» балалар лагерінен 261 бала қауіпсіз жерге көшірілді, олардың ішінде 187 баланы ата-аналары алып кетсе, Атырау және Алматы облыстарынан келген 74 бала және 12 ересек адам Алматы қаласындағы Клочков көшесі бойында орналасқан № 17 мектеп-итернатына орналастырылды.

Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ Алматы және Алматы облыстық өрт сөндіру қызметіндегі жеке құрамның 257 адамы мен 20 техника бірлігі, Іле Алатау Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының 42 адамы мен 2 техникасы, Алматы қалалық әкімдігінің 22 техникасы (суаратын машиналар), ҚР ТЖМ 28237 әскери бөліміндегі жеке құрамның 206 адамы мен 12 техникасы, ҚР ТЖМ «Қазавиаспас» АҚ-ның 5 тонналық суағары бар МИ-171 тікұшағы, Алматы қалалық «Құтқару қызметінің» бір тікұшағы, «Әуеорманкүзетінің» бір тікұшағы жұмылдырылды. Өрт аумағы 16 гектар жерді құрады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Барлығы 505 адам мен 56 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды, олардың ішінде ҚР ТЖМ-нің жеке құрамының 463 адамы, 32 техникасы және 1 тікұшағы болды.