ШҰҒЫЛ: Интерпол мен Бас прокуратура Испаниядан Келес Мәмбетовті экстрадициялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуратурасының және ІІМ Интерпол Бюросы Ұлттық орталығының қызметкерлері 2004 жылы қасақана адам өлтірген және халықаралық іздеу жарияланған Келес Мәмбетовті Испаниядан экстрадициялады.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

2009 жылы Испаниядағы Интерпол Қазақстанның уәкілетті органдарына іздеуде жүрген К.Мәмбетовтің 2007 жылы Испания аумағында жасырынып және жалған құжаттарды пайдалана отырып, қылмыс жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы хабарлаған болатын.

«Қазақстанның Бас прокуратурасы сол сәттегі біздің мемлекеттер арасында экстрадициялау туралы келісімнің болмауына қарамастан, испандық тарапқа оны беру туралы сұрау салды. Испания билігі жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, тергеу жүргізу уақытына оны қазақстандық тарапқа берді», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, тергеу қорытындысы бойынша, күдіктінің кісі өлтіру айыбы толықтай дәлелденді. Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының 2011 жылғы 18 наурыздағы үкімімен Мәмбетов 14 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Үкім заңды күшіне енген соң, алдын ала келісімге сәйкес, 2011 жылдың мамырында ол Испанияға жолданды.

Сөйтіп, испандық соттың белгілеген жазасын толық өтеген соң, Мәмбетов Отанына экстрадицияланды.

«Испания Корольдігінің бұл шешімі қылмыспен күрес саласындағы біздің елдер арасындағы жолға қойылған қарым-қатынасты ескере отырып, сондай-ақ 2012 жылы жасалған мемлекетаралық келісімге сәйкес қабылданды», - деп атап көрсетілген ведомствоның мәлімдемесінде.

Қазіргі уақытта К.Мәмбетов Астана қаласының тергеу абақтысына орналастырылды.