ШҰҒЫЛ: Қарағанды облысында жол апатынан Жезқазған мыс балқыту зауытының бөлім басшысы қаза болды
13:21, 19 Тамыз 2013
ҚАРАҒАНДЫ. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жол апатынан «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған мыс балқыту зауытының қызметкері мерт болды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
«Қазақмыс тобы 2013 жылдың 19 тамызы күні шамамен сағат 8.00 кезінде Жезқазған қаласында болған қайғылы оқиға туралы хабарлады. Жол апатынан Жезқазған мыс балқыту зауытының қызметкері ауыр жарақат алып, мерт болды», - деп жазылған ресми хабарламада.
Белгілі болғандай, қаза тапқан адам Жезқазған мыс балқыту зауытында өндіріс бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Ол УАЗ автокөлігінің жолаушысы ретінде келе жатып, белгісіз себептермен ашылып кеткен есіктен сыртқа құлаған.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Қазақмыс тобының қызметкерлері болған жағдайға байланысты оның әріптестері, отбасы, достары мен туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады», - деп жазылған компанияның хабарламасында.