Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан хабарлады.
Білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа өтініш берушілердің саны - 68742, оның ішінде қазақ тілінде оқыту бөліміне - 51706 адам, орыс тілінде оқыту бөліміне 17036 адам тапсырған. Грант тағайындау бойынша Республикалық конкурстық комиссияның отырысы ағымдағы жылдың 2-5 тамызы аралығында өткізілді.
Республикалық конкурстық комиссияның жұмыс қорытындысы бойынша 30758 адам білім беру гранттарының иегері атанды, оның ішінде қазақ бөліміне - 21064, орыс бөліміне - 9694 адам.
Ағымдағы жылы орташа конкурс бойынша бір орынға 2,23 адамнан келді.
Үлкен конкурс төмендегі мамандықтарда (білім беру грантының 1 орнына 1 адамнан келу қатынасында) болды:
- 5B020700 «Аударма ісі» - орынға 65,75 адамнан (орыс бөлімі);
- 5B010400 «Бастапқы әскери дайындық» - орынға 28,5 адамнан (қазақ бөлімі);
- 5B011300 «Биология» - орынға 17,28 адамнан (қазақ бөлімі);
- 5B020200 «Халықаралық қатынастар» - орынға 16,4 адамнан (орыс бөлімі);
- 5B011600 «География» - орынға 14,48 адамнан (қазақ бөлімі).
Білім беру гранттарын тағайындау бойынша Республикалық конкурстық комиссияның жұмысы аяқталысымен білім беру гранты иегерлерінің куәліктерін басу және білім беру гранты иегерлерінің тізімін бұқаралық ақпарат құралдарының баспа беттерінде шығару бойынша жұмыстар жүзеге асырылады.