ШҰҒЫЛ: Қазақстанда бүгін Алматы облысының «Арқанкерген» бекетіндегі 12 шекарашыны жерлеу рәсімдері өтеді

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елде Алматы облысының «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза тапқан 12 шекарашыны жерлеу рәсімдері өтеді. Кеше қаза тапқан шекарашылардың сүйегі елдің 6 аймағына; Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарына жеткізілді. Біздің аймақтардағы тілшілеріміздің хабарлауынша, екі шекарашының - Рүстем Ақылбаев пен Денис Рейдің мәйіттері әзірге өз отандарына жеткізілген жоқ.

Еске сала кетейік, 30 мамырда Алматы облысының «Арқанкерген» шекара бекетінде 13 адамның өртенген мәйіті табылды.

Бұл туралы шұғыл брифингіде ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары - бас штаб бастығы Тұрғанбек Стамбеков хабарлады.

1 маусымда «Арқанкерген» шекаралық бекетінде оқиға орнынан тағы екі адамның мәйіті табылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен шекарашылардың қаза болуына байланысты 2012 жылғы 5 маусым ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл қаза болған сарбаздардың туыстары мен жақындары үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін зор қайғы болды.

Ұлттық аза тұту күні бүкіл Қазақстан бойынша Мемлекеттік ту төмен түсіріліп,   ойын-сауық шаралары тоқтатылды, радио мен теледидарда барлық ойын-сауық хабарлары алынып тасталды. Барлық жерлерде мекемелер мен ұйымдар ұжымдары қаза тапқан шекарашыларды бір минут үнсіз тұрып, еске түсірді.

«Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде қызметтерін өтеу кезінде қаза тапқан  әскери қызметшілердің тізімі:

  • 1. Кереев Алтынбек Құтжанұлы, 1984 ж.т., уақытша бекеттің бастығы, капитан. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданына қарасты Ақтөбе ауылында дүниеге келген.
  • 2. Ақышев Ерлан Ерғалиұлы, 1988 ж.т., келісімшарт қызметінің кіші сержанты. Алматы облысының Алакөл ауданында дүниеге келген.
  • 3. Ақылбаев Рүстем Бағдатұлы, 1991 ж.т., келісімшарт қызметінің қатардағы сарбазы. Алматы облысында дүниеге келген.
  • 4. Сәрсембаев Талғат Амангелдіұлы, 1984 ж.т., келісімшарт қызметінің қатардағы сарбазы. Алматы облысында дүниеге келген.
  • 5. Әмірғалиев Бекзат Абатұлы, 1989 ж.т., қатардағы сарбаз. Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында дүниеге келген.
  • 6. Балғабаев Данияр Ғарифоллаұлы, 1992 ж.т., қатардағы сарбаз. Атырау облысының Мақат ауданына қарасты Доссор ауылында дүниеге келген.
  • 7. Именов Мейірхан Сағындықұлы, 1992 ж.т., қатардағы сарбаз. Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келген.
  • 8. Сағынғалиев Жеңіс Дәулетұлы, 1990 ж.т., қатардағы сарбаз. Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Жыланды ауылында дүниеге келген.
  • 9. Ілиясов Жанат Қанатұлы, 1992 ж.т., қатардағы сарбаз. Жамбыл облысында дүниеге келген.
  • 10. Үсіпәлиев Нұржас Дүйсембайұлы, 1991 ж.т., қатардағы сарбаз. Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген.
  • 11. Ағанас Қамбар Асқарұлы, 1991 ж.т., қатардағы сарбаз. Ақтөбе облысында дүниеге келген.
  • 12. Мақсатов Әли Ізтұрғанұлы, 1992 ж.т., қатардағы сарбаз. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген.
  • 13. Мұқашев Нұрланбек Қуатбекұлы, 1991 ж.т., қатардағы сарбаз. Қарағанды облысында дүниеге келген.
  • 14. Рей Денис Викторович, 1993 ж.т., қатардағы сарбаз. Павлодар облысының Успенск ауданында дүниеге келген.