ШҰҒЫЛ: ҚР СІМ қазақстандықтардан Мысырға сапар шекпеуді сұрайды

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Мысыр еліндегі ішкі саяси ахуалдың нашарлауына және ірі қалалардағы орын алып жатқан жаппай қақтығыстарға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға бұл елге бармауды ескертеді. Бұл жөнінде бүгін өткен брифингте ведомствоның баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлім етті.

«Көптеген адамдардың қаза табуына әкеп соққан Мысырдағы қанды қақтығыстарға орай Қазақстан алаңдаушылық білдіруде. Қазақстан үшін Мысыр араб әлеміндегі және Африка құрлығындағы маңызды сыртқы саяси әріптес болып табылады»,- деп атап өтті Н.Айтмаханов.
Екі ел арасындағы тарихи және рухани байланысты ұмытпау қажет екенін еске сала келе, ведомство өкілі еліміздің Мысырдың уақытша үкіметімен қарым-қатынас орнатуға барынша күш салатынын жеткізді.

Мысырдағы ішкі саяси ахуалдың нашарлауына және ірі қалаларда орын алған қақтығыстарға орай ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның азаматтарына Каир, Александрия, Суэц, Луксор сияқты үлкен қалаларға сапарламауға шақырады.

«ҚР Мысырдағы елшілігі аталған елде тұрып жатқан қазақстандық азаматтар мен оның ішінде студенттермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, елдің уақытша үкіметі орнатқан 15 тамыз бен 14 қыркүйек аралығындағы коменданттық сағатты қатаң түрде ұстанудың қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар Мысырдағы қазақстандық азаматтарды адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауын қатаң түрде сұрайды. Қазақстанның Мысырдағы елшілігі қажет болған жағдайда дер кезінде көмек көрсету үшін демалыс кезінде дипломаттардың кезекшілігін орнатқан», - деді Н. Айтмаханов.