ШҰҒЫЛ: ҚР СІМ Украинада апатқа ұшыраған ұшақта қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ республика азаматтарының Украинада апатқа ұшыраған Малайзия авиажелілерінің ұшағы бортында болған-болмағандығын анықтауда.

«Украинаның шығысында Малайзия авиажелілері ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамыз», - делінген ҚР СІМ Twitter-дегі ресми парағында.

«Болған оқиғаға терең алаңдауылық білдіреміз. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, мұқият тексерілуі тиіс деп санаймыз», - деп атап өтілген мәлімдемеде. «Біз ҚР азаматтарының ұшақ бортында болғандығын немесе болмағандығын анықтаумен айналысудамыз және бұл ақпаратты алған бойда шұғыл ұсынамыз», - делінген онда.

ҚР СІМ тағы да Украинаның шығысындағы текетіреске тартылған барлық тараптарды ұрысты тезірек тоқтатуға және қайшылықтарды бейбіт жолмен шешудің жолын табуға шақырды.

Хабарланғандай, Украина аумағында ресей шекарасына таяу жерде малайзиялық авиажелілердің Boeing 777 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесінің бортында 280 жолаушы болған. Олардың бәрі де қазаға ұшырады. Сондай-ақ экипаждың 15 мүшесінің де мерт болғаны хабарланды.

Амстердам-Куала-Лумпур рейсін атқарған ұшақ РФ әуе кеңістігіне кіруге 50 шақырым қалғанда төмендей бастаған, одан кейін оның Украина аумағындағы жерде өртеніп жатқаны анықталған.