ШҰҒЫЛ: «Magnum» сауда кешені төбесі қардың уақытылы тазаланбағынан опырылып түсті

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - «Magnum» сауда кешенінің төбесінің ортасына түсуінің негізгі себебі, қардың уақытында тазаланбай ауқымды жиналып қалуынан болған, - деп хабарлайды Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттарды ескерту мен жою жөніндегі басқарма бастығы Тимур Әбіжановқа сілтеме жасап.

«Magnum» сауда кешеніндегі металлқұрылымның опырылып, ортасына түсуі (жалпы көлемі 600 шаршы метр) қар уақытында тазаланбағандықтан, көп жиналуы салмағынан болған. Сауда кешені төбесіндегі қардың қалыңдығы 2 метр шамасында», - деп атап көрсетті Т.Әбіжанов.

Төтенше жағдай орын алған сауда орталығы «Magnum» Cash & Carry СК» ЖШС меншігі болып табылады. ҚР Азаматтық Кодексінің 189 бабына сәйкес өзіне тиісті мүліктің барлық ауыртпалығын меншік иесінің өзі көтереді.

«Астана қаласының ТЖ Департаменті 112 қызметі пультіне 2013 жылдың 3 наурызында 00 сағ. 26 минутта «Magnum» сауда кешенінің күзет қызметкері Самат Мұқашевтан Астана қаласы, Алаш тас жолы 23/1 мекенжайында орналасқан «Magnum» сауда кешенінің төбесі опырылып ортасына түскені туралы хабарлама келіп түсті», - деп түсіндіреді Т.Әбіжанов.

Оның айтуынша, 00 сағ.03 минутта төтенше оқиға орын алған жерге алғашқы болып өртке қарсы қызметі бөлімшесі келіп жеткен. Төтенше жағдайды жоюға ТЖМ-нің барлық бөлімшелері мен техникалары, жеке құрамы, ІІД жеке құрамы, «Астана Су Арнасы» МКК, «Теплотранзит» АҚ, «Астана РЭК» АҚ жеке құрамдары мен «103» қызметі жұмылдырылды. Барлығы - 29 техника, жеке құрамнан - 259 адам қатысты.

«Үйіндінің астынан екі зардап шегуші құтқарылды. Бірі: күзет қызметкері, біраз жарақат алған 1988 жылы туған А.Н.Истелеев ауруханаға жатқызылса, екіншісі, 1991 жылы туған Ж.Б. Бәкір дәрігерлік көмектен бас тартты».

ТЖ қызметкерлері келген кезде төбенің одан әрі құлау қауіп болды. Сондықтан, 50 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Төтенше жағдай фактісі бойынша Астана қаласы әкімдігінің жанынан қала әкімінің орынбасары Василий Крыловтың басшылығымен ведомствоаралық комиссия құрылды.