ШҰҒЫЛ: Мемлекет басшысы Жаңаөзендегі оқиғаларға байланысты халыққа сөз арнады

None
АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы болды.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы барысында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы жағдай талқыланды.

Мемлекет басшысы отырысты қорытындылады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Құрметті қазақстандықтар!

Кеше Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мерекелік іс-шара кезінде бір топтың қылмыстық әрекеті салдарынан жаппай тәртіпсіздік орын алды.

Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу үшін орталық алаңға жиналған бейбіт азаматтар бұзақылардан құралған топтың шабуылына ұшырады.

Қоғамдық тәртіпті бұзған бұзақылар поли­ция қызметкерлеріне шабуыл жасап, мерекеге байланысты қойылған киіз үйді қиратып, полицияның автобусын өртеп жіберді.

Олар бейбіт тұр­ғындарды ұрып-соғып, алаңға таяу тұрған автокөліктерге зақым келтіріп, оны жағып жіберді.

Басбұзар топ заңсыз әрекетті тоқтатуға шақырған құқық қорғау органдарының ескертулерін тыңдамай, қаруларын тартып алу мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасады.

Жаппай тәртіп бұзушылық кезінде қалалық және селолық әкімдік ғимараттары, қонақ үйлер, «Өзенмұнайгаз» компаниясының әкімшілік ғимараты өртенді.

Жеке және заңды тұл­ғалардың мүліктері қирады, автокөліктер өртенді, банкоматтар, дүкендер, банктер және т.б. тоналды.

Барлығы 46 нысан шабуылға ұшырады. Шағын қалада шамамен барлық нысан шабуылға ұшырады, өртенді немесе қиратылды.

Өкінішке орай, осы тәртіпсіздік салдарынан адамдар, біздің азаматтар қайтыс болды.

Алдын-ала мәліметтер бойынша, 10 адам қайтыс болды, ауыр жараланды, жараланғандар арасында полиция қызметкерлері бар.

Полиция қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін бұлжытпай орындады және заң бойынша өз өкілеттіктері аясында әрекет жасады.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің әрқайсысының отбасы, жақын туыстары бар.

Мен олардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетілетін болады.

Жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Менің тапсырмам бойынша Ішкі істер министрі бастаған жедел тергеу тобы құрылды.

Ол комиссия жаппай тәртіпсіздікті ұйым­дастырушыларды табу және жазаға тарту, қаладағы қоғамдық қауіп­сіздікті қалпына келтіру жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдайды.

Қазіргі уақытта жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында.

Кінәлі адамдар заң бойынша жазаға тартылатын болады.

Осы орайда, мұнайшылардың еңбек дауын өздерінің қылмыстық ниеттері үшін жағдайды пайдаланып қалғысы келген бұзақылардың әрекетімен шатастыруға болмайды. Біз бұл іспен кім айналысқанын, қайдан қаржыландырылғанын ашатын боламыз.

Осы жылдары Жаңаөзен халқының әлеуметтік жағдайын шешу үшін көптеген шаралар атқарылды. Жалақы көлемі жоғарылады. Әр елде шашырап жүрген отандастарымызды Жаңаөзенге шақырдық. Оларға барлық жағдайды жасадық. Осы үшін олар мемлекетке риза болуы тиіс.

Жаңаөзендегі еңбек дауын шешіп, орын алған және қабылданатын шараларды тұрғындарға түсіндіру үшін Үкіметтің, «Қазмұнайгаздың» арнайы комиссиясы барады.

Бас прокуратураға өзге құқық қорғау органдарымен бірлесіп орын алған жағдайды жіті тексеруді, ақпараттың барынша ашықтығын қамтамасыз етуді, нәтижесі туралы халыққа хабарлауды, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды тартуды тапсырамын.

Ескеретін жайт, осындай оқиғалар, жаппай тәртіпсіздіктер бүгінде дүние жүзі елдерінде де болып тұрады.

Сондықтан оған жаhандық қаржы-экономикалық дағдарыстың әсірінен болған әлемдік рецессияның салдары деп қараған жөн.

Біз осы жылдардың ішінде еліміздегі тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді нығайттық.

Біз осы берекелі бірлігіміз арқылы биік белестерді бағындырдық.

Біз Қазақстанда қалыптасқан бейбітшілік пен тыныштықты бұзуға, біздің тәуелсіздігіміздің жетістіктерін тәрк етуге ешқандай жағдайда да жол бермейміз.

Сондықтан жұртшылықты алаңдатарлықтай ешқандай себеп жоқ. Жағдай толығымен бақылауда.

Заңның аты - заң.

Заңның талаптары барлығымыз үшін бірдей.

Заң қаланың қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын болады.

Мемлекет біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзушылықтың кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қояды.

Барша қазақстандықтарды біздің еліміз үшін жат әрекетті айыптауға, тыныштық сақтауға шақырамын.

Жаңаөзендіктерді ақылға және байсалдылыққа шақырамын.

Біз бұл мәселелердің барлығын анықтайтын боламыз.

Жаңаөзен қаласының экономикасын қалпына келтіру, өртенген нысандарды қалпына келтіру үшін, және ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мен Конституцияға және төтенше жағдай туралы Заңға сәйкес Жаңаөзен қаласында төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлық шығарамын. Жарлық бүгіннен бастап 20 күн күшінде болады. Егер біз оған дейін барлық мәселені анықтасақ, тыныштық орнаса, ол кез келген уақытта күшін жояды.