ШҰҒЫЛ: Сенат Ауғанстанға әскер жіберу туралы келісімді қабылдамай тастады

АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Атлант Шарты Ұйымы арасындағы Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызметіне қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын қабылдамай тастады.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасы бойынша Қазақстанның 4 әскери офицерін Ауғанстанға жіберу көзделген болатын. Осыған байланысты келісім қоғам арасында да үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Дегенмен, Мәжіліс мақұлдаған құжатты Сенат депутаттары "Конституцияға сәйкес келмейді" деп кері қайтарды.

«Қазақстан әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілік келісімді сақтау мәселесінде халықаралық қоғамдықтық алдында өзінің тың бастамаларын көтеріп, зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар еліміз Ауғанстан мәселесіне, оның ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, ауған халқының бейбіт өмірінің қамтамасыз етілуіне жәрдем көрсетіп, гуманитарлық сипаттағы көмектерін жасап келеді. Ал талқыланып отырған келісім бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық шарт бойынша халықаралық міндеттерді орындау үшін әскери қызметшілерді пайдалану тәртібін реттеуге бағытталып отыр. Алайда Конституциямыздың 53-бабының 5-тармағына сәйкес, аталмыш мәселе бойынша шешімді палаталардың бірлескен отырысында Парламент қабылдауы тиіс», - деді Заң жобасы бойынша түсінік берген сенатор Мұхтар Алтынбаев.

Осыған байланысты депутат заң жобасын тұтастай қабылдамау және оны Мәжіліске қайтаруды ұсынды. Дауыс беру арқылы Сенат құжатты қабылдамау туралы шешімге келді.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш заң жобасын Мәжіліс ағымдағы жылдың 18 мамырында мақұлдаған болатын. Сол кезде қоғамда "Ауғанстанға Қазақстан Қарулы Күштерінің контингенті жіберіледі екен" деген әңгіме желдей есіп кеткен еді.

Ал 23 мамырда Астанада өткен апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов: "Қазақстан мен НАТО арасындағы келісім Ауғанстандағы халықаралық күштердің Кабулда орналасқан штабына 4 қазақстандық офицерді жіберуді қарастырады. Сондықтан Ауғанстанға Қазақстан Қарулы Күштерінің контингенті жіберіледі деген әңгіме артық айтылған сөз", - деп мәлімдеген болатын. .

Оның сөзіне қарағанда, бұл ауған халқының өзі таңдаған және БҰҰ мойындаған Ауғанстан үкіметі мен Парламентіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейбіт өмірді қалпына келтіру бойынша халықаралық қолдау шараларына атсалысу болып табылады. «Жалпы Ауғанстандағы халықаралық коалицияға бүгінде 47 мемлекет қатысуда. Оның 19-ы НАТО-ға мүше емес мемлекеттер. Ал 6-ауы Ислам конференциясы ұйымына кіреді»,-деп атап көрсеткен болатын ресми өкіл.

А. Әбдірахманов елімізден Ауғанстанға жіберу жоспарланып отырған 4 маманның 2-еуі әскери сарапшылар, 1-еуі дәрігер, 1-еуі тыл ұйымдастырушыс екенні еске салып өткен еді.

Ал 27 мамырда ҚР Cыртқы істер министрлігінде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы барысында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов Ауғанстанға жіберілетін қазақстандық 4 офицерге сол елдің үкіметі мен халқын бейбіт өмірге даярлау міндеті жүктелетінін атап көрсеткен болатын. «Бұл ретте тоқтала кететін жайт, БҰҰ қарарына сәйкес, бұндағы негізгі әңгіме Кабулға төрт қазақстандық офицерді жіберу туралы болып отыр. Сонымен қатар, ондағы біздің офицерлерге жүктелген негізгі міндет Ауғанстан үкіметі мен халқын бейбітшілікке, тыныш өмірге даярлауға жәрдемдесу болып табылады. Сондай-ақ, біздің әрекетіміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мандатын қатаң сақтау шеңберінде жүзеге асып отырғанын да атап өткім келеді», - деген болатын министр.