ШҰҒЫЛ: Судья В. Челахтың жаңадан тағайындалған қорғаушыдан бас тартуы туралы өтінішін қанағаттандырмады

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қалалық сотында өзінің 14 қызметтесін және «Тау Тас» аңшылық  шаруашылығының қорықшысын өлтірді деген айып тағылып отырған Владислав Челахтың ісі бойынша басты сот қарауы жалғасуда.

Айыпталушы Владислав Челах өзінің қорғаушысына жаңадан тағайындалған адвокаттан бас тартатындығын мәлім етті. Оның мәлімдемесін сот процесі барысында қорғаушы Серік Сәрсенов оқып берді: «Мен заңсыз тағайындалған адвокат Саржанованың қызметінен бас тартамын, ол екі күннің ішінде ләм-мим демеді. Маған мұндай қорғаушының керегі жоқ».

Судья Ербол Ахметжанов бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. «Адвокат Саржанованың қатысуы сотпен қамтамасыз етілді. Өтінішті қабылдаудан бас тартылсын», - деді судья.

Мәлім болғандай, 30 мамырда "Арқанкерген" бекетінен жанып кеткен 13 шекарашының мәйіттері табылды. Кейін тағы бір сарбаздың мүрдесі және шекара бекетінен алыс емес жерден орманшының өлі денесі табылды.

Қызметтестерінің өлімін мойнына алған, тірі қалған шекарашы В. Челахқа 9 бап бойынша айыптар тағылды. Атап айтқанда, «Екі немесе одан көп адам өлтіру», «Адамның жеке затын қолды қылу», «Құпия материалдарды қымқыру», «Қару ұрлау», «Заңсыз қару алып жүру, «Әскери мүлікті қирату», «Қашқындық» және "Өзгенің үйіне заңсыз баса-көктеп кіру».