ШҰҒЫЛ: Теміртауда кәріз құдығына түсіп кеткен 4 жасар бала құтқарылды

ҚАРАҒАНДЫ. 2 маусым. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Теміртау қаласындағы тағы бір бала кәріз құдығына құлап кетті, оны кездейсоқ өтіп бара жатқан адам құтқарып қалды. Бұл туралы облыстық ІІД хабарлады.

«Теміртауда 1 мамыр күні Чайковский көшесі мен Республика даңғылы қиылысындағы кәріз құдығына 4 жасар бала құлап кетті. Баланы «жедел жәрдем» жүргізушісі болып жұмыс істейтін өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалды», - деп мәлім етті облыстық  ІІД.

Полицейлердің мәліметіне қарағанда, бала зақымданбаған, бірақ қорқып кеткен.

Бұл факті бойынша қазір тексеру жүргіліп жатыр. Оқиғадан кейін құдықтың қақпағы жабылған.

«Бала аулада ойнап жүрген, Республика даңғылында аттарды көріп, жақынырақ көру үшін жаяусоқпақтан көгалға шыққанда құдыққа құлап кеткен», деп мән-жайды хабарлады полиция қызметкерлері.

Теміртауда тексеру барысында 381 құдықтың қақпағы  болмаған. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша, қалада барлығы осындай 8500 кәріз құдықтары бар.

Еске сала кетейік, Теміртауда бұған дейін 24 мамырда кешке қарай Металлургтер даңғылындағы кәріз құдығына 2 жастағы Егор Хмиль құлап кетіп, оның денесі 2 күннен кейін табылған болатын.

Баланың қазасына байланысты ҚР ҚК-нің 232 бабы бойынша (Өз міндеттеріне жауапсыздық үшін) қылмыстық іс қозғалды.

Теміртау тұрғындары қаза тапқан Егорді еске алып, «Сары шарлар, сары ланталар» акциясын өткізді. Қалада «Ашық құдық»  бастамашыл тобы құрылды, ол қаладағы қауіпсіздікке бақылау орнату мақсатында қоғамдық бірлестік құрмақ.