ШҰҒЫЛ: Терроризмге қатысы бар деген күдікпен үш тұрғын қамауға алынды - БҚО

None
ОРАЛ. 17 қазан. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 15 қазандағы қаулысымен терроризмге қатысы бар деген айыппен Батыс Қазақстан облысының үш тұрғынын қамауға алуға санкция берілді.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ұсталған үш күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 233-3-бабы 2-бөлігімен, яғни «террористiк немесе экстремистiк қызметтi қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу» көзделген қылмыс жасады деген айып тағылып, іс қозғалған болатын.

Тергеу органдары қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру жөніндегі өтінішпен сотқа жүгінді.

Тергеу органының мәліметі бойынша қамауға алынғандар қоғамның қауіпсіздігіне және тәртібіне қарсы ауыр қылмыс жасаған. Бұл қылмыс түріне 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасы қарастырылғандығымен, бостандықта жүрсе олар қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға тырысатынын немесе қылмыстық әрекетпен шұғылданулары мүмкін деген уәжбен түсіндіреді.

Сот үшеуіне қатысты екі айға дейін бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қанағаттандырды.