Бұл туралы Алматы қалалық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Бақыт Тынысбеков бүгін өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Жеке тұлғалар үшін көлік рәсімдеудегі кедендік жеңілдік 30 маусымда аяқталады. 30 маусымнан кешіккендер 1 шілдеден бастап көліктерін Кеден одағынаның бірыңғай кедендік мөлшерлемесі бойынша рәсімдейтін болады. Құжатты рәсімдеуде көліктің шекарадан өткен күні емес, оны кеден бекетіне рәсімдеуге тапсырған күн ғана есептеледі», - дейді Бақыт Тынысбеков.
Жалпы 2010 жылы Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінде 21 458 көлік кедендік рәсімдеуден өткен. Биыл 5 айдың өзінде бұл сан 23 337-ге дейін жеткен.
Оның айтуынша, көліктері шет елде түрлі себептермен бөгеліп қалған азаматтарға 1 шілдеден кейін ешқандай жеңілдік берілмейді. 2010 жылы 1-шілдедегі №682 Үкімет қаулысы бойынша жеке тұлғалар үшін жеңіл көлік әкелуде 3-10 жыл аралығында шыққан көлік двигателінің көлеміне қарай 1 текше см. үшін кедендік алым мен салықтың жеңілдетілген мөлшерлемесі 0,35-тен 0,6 еуро көлемінде белгіленген еді. Шілде айынан бастап шыққанына 5 жылдан асқан двигателі 1800-ден 3000 текше см. дейінгі көліктердің кедендік алымының мөлшерлемесіне әр текше үшін 4 еуро және оған 12 пайыздық қосымша құн салығы қосылмақ. Мәселен, 2007 жылы шыққан двигателінің көлемі 1800 текше см. болатын Тойота короллла көлігінің жалпы төлемі қазір 151 мың 200 теңге болса, 1 шілдеден кейін ол 1 млн. 091 мың 597 теңгені құрамақ.