ШҰҒЫЛ: Жер ресурстарын басқару агенттігінің басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, Өзбеков үйқамақта - Қаржы полициясы

None
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Жер ресурстарын басқару агенттігінің басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның атап өтуінше, қаржы полициясы Жер ресурстарын басқару агенттігінің бұрынғы төрағасы Өзбековке, оның орынбасарлары Нақыпбеков пен  Жанпейісовке, сонымен қатар агенттіктің және ведомствоға қарасты басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты бюджеттен топографиялық және картографиялық өнімге, оның ішінде Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз картасын құруға бөлінген 906 млн. теңгені ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Аталған ақшалай қаражат теңіз картасын жасау бойынша жұмыстардың бір бөлігін екі рет қаржыландыру жолымен және «Казгеодезия» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалдарының және онымен байланысты кәсіпорындармен жалған фирмалардың есеп-шоттарына аудару арқылы қолма қол ақшаға айналдыру жолымен ұрлаған. «Өзбековке қатысты соттың санкциясымен үй қамауында ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Оның орынбасары Нақыпбеков сот санкциясымен қамалды. Жанпейісовтен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Сонымен қатар бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен сот санкциясымен  «Казгеодезия» директоры Қайымбеков қамауда жатыр. Агенттіктің Геодезия және картография  департаментінің бастығы Сағындықовтн ешқайда кетпеу қолхат алынды»,-  деді ол.

Қаржы полициясының ресми өкілінің атап өтуінше, қазіргі таңда айыпталушылардың қорғаушыларын қылмыстық іспен таныстыру шарасы жүргізілуде.