ШҰҒЫЛ: Жерорта теңізіндегі ірі круиз кемесінің апаты - құрбандар бар

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Италия жағалауындағы Жерорта теңізінде қайырға тұрып қалған «Коста Конкорда» круиздік кемесінде болған оқиға салдарынан кем дегенде алты адам мерт болды, деп хабарлайды CNN. Бұған дейін қаза тапқан екі адам туралы хабарланған болатын.

Құрбан болғандар саны көп болуы мүмкіндігі атап өтілді, себебі, көптеген жолаушылар апаттан кейін борттан секіре бастаған.

Қазіргі кезде кемедегі құтқару операциясы жалғасуда. Апатқа ұшырап жатқан кемеде осы уақытта шамамен 300 адам қалып отыр.

Кәугерлердің айтуынша, кейбір жолаушылардың өлімі олардың кемеден теңізге секіруі барысында судың соққысынан болуы мүмкін. Бұдан бөлек, кемені құтқару кеудешелерісіз тастап кетуге әрекеттенгендер де болды. Бұл туралы РБК хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, итальяндық «Коста Конкордиа» круиздік кемесі құм қайраң саяз жерге 13 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10 шамасында Джильо аралына жақын жерге отырып қалды. Қолда бар мәліметтер бойынша, соққы кезінде кеменің корпусы бүлініп, қисайған. Апат кезінде оның бортында 3200-ге жуық жолаушы мен мыңнан астам экипаж мүшелері болды.

«Коста Конкордиа» кемесі 2005 жылы салынды. Онда 1,5 мың каюта, бес мейрамхана және төрт бассейн бар. Кеменің құрылысы шамамен 450 млн. еуроға бағалануда.