Алғашқы раундта қарсыластар бір-бірінің аңдысын аңдып, шаппа-шап жұдырықтасудан сақтанғандай көрінді. Алайда раунд аяқталмай тұрып, ресейлік бір ногдаун алып қалды. Түпкілікті нокауттан Ресей боксшысын соғылған гонг құтқарды.
Бірінші раундта алған ауыр соққы ресейлікті үрейлендіріп қойса керек. Екінші раундта көбінесе қазақ боксшысынан қашып жүріп жұдырықтасты. Ал Еділ өз кезегінде уақытты созбай қарсыласына тап берген еді. Қазақ боксшысының шалт қимылы әрі ауыр соққысы ресейлікті аса елірткен жоқ. Бүйір тұсынан соғылған соққы кездесудің нүктесін қойды.
Еділ Қожамбердиев кәсіпқой бокстағы төртінші жеңісіне жетіп отыр. Ал Белошепкин өзінің өміріндегі 28 жеңілісін қарсы алды.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Шүменов - Алтынкай кездесуінің алғашқы андеркартында қазақ боксшысы әрі әншісі Ибрагим Ескендір ресейлік қарсыласын нокаутқа жіберген болатын.