Шүменов пен Жақиянов WBN P4P-рейтингінің ТОП-елуіне ілікпеді
09:00, 30 Наурыз 2017
АСТАНА. Қазақпарат - WorldBoxingNews.net сайты сәуір басталар алдында боксшыларды салмақ санатына бөліп, өзінің pound-for-pound (салмақ санатынан тыс) жаңартылған нұсқасын жариялады, деп хабарлады Sports.kz.
Бұдан бұрын хабарланғандай, орта салмақтағы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) өз дивизионында - бірінші, ал жалпы рейтингте үшінші орында тұр. Оның алдына жартылай ауыр салмақтағы америкалық Андре Уорд (31-0, 15 КО) пен жартылай орта салмақтағы филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо (59-6-2, 38 КО) ғана шығып отыр.
Сондай-ақ World Boxing News тізімінде дивизион бойынша тағы екі қазақстандық бар, олар Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) пен Бейбіт Шүменов (17-2, 11 КО). Жақиянов жеңіл салмақтылар рейтингінде бесінші орынға жайғасты. Шүменов бірінші ауыр салмақтағы боксшылар арасында - төртінші тұр. Өз салмақ дәрежесінде алдыңғы қатарда болғанына қарамастан, қазақстандық екі боксшы сайт нұсқасы бойынша рейтингке ілікпеген.