Швеция Еурокомиссияға кедендік бақылау енгізетіні туралы хабардар етті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Швеция Еуропалық комиссияға Еуроодақтың басқа елдерімен шекарада уақытша шекаралық бақылау енгізетінін хабарлады. Бұл туралы Еурокомиссия жұма күні таратқан коммюникеде айтылған.

«Еурокомиссия кеше швед билігі орындарының өз шекараларында уақытша бақылау енгізу ниеті туралы хабарламасын алды. Шекаралық бақылау 12 қарашадан 21 қарашаға дейін жүргізілетіні жарияланды және бұл ең алдымен елдің оңтүстігіндегі және батысындағы кейбір порттарға, сондай-ақ Дания мен Швецияны жалғастыратын Эресунн бұғазы арқылы өтетін көпірге қатысты», - деп атап өтілген хабарламада.

Еурокомиссия мүше-мемлекеттер арасында шекаралық бақылауды уақытша енгізу шенген келісімінде қоғамдық тәртіпке немесе ішкі қауіпсіздікке елеулі қауіп төнгенде ерекше шаралар ретінде көзделген, деп атап көрсетті.

Шенген келісімі шекаралық бақылауды уақытша қалпына келтірудің екі мүмкіндігін көздейді. Келісімнің 24-бабы бойынша күтпеген жағдайлар туындағанда шекарада 10 күнге және 2 айға дейін ұзарту мүмкіндігімен бақылау орнатуға рұқсат беріледі.

Тағы бір бап күтпеген төтенше жағдай туындағанда мұндай бақылауды 30 күнге дейінгі мерзімге жарты жылға дейін ұзарту мүмкіндігімен орнатуға рұқсат етіледі.