Швеция қарттар үшін ең жайлы ел болып танылды

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - HelpAge International үкіметтік емес ұйымы 1 қазан, Халықаралық қарттар күні қартаю бойынша әлемнің 91 еліндегі зейнеткерлердің тұрмыс жағдайына арналған Global AgeWatch Index 2013 бірінші ғаламдық көрсеткішін жариялады. Олардың зерттеулеріне сәйкес қарттар үшін ең жайлы ел Швеция болып танылды. Қарт адамдарды қамқорлығына алған үштіктің қатарына, сондай-ақ Норвегия мен Германия енді, деп хабарлайды РБК.

Зерттеу авторлары әр түрлі елдердегі қарт адамдардың жағдайына баға беруде төрт басты өлшемді алған, олар: материалдық жағдайы, денсаулығы, жұмыстылығы мен білімі және жалпы өмір сүру деңгейі.

Ең тиімді ел Швеция осы көрсеткіштер бойынша 89,9% алса, ең соңғы орындағы Ауғанстанның көрсеткіші бар болғаны - 3,3%.

HelpAge International пайымдауынша, көрсеткіштерді мұқият талдау биліктегілерге қарт адамдардың өміріндегі осал тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге зейнетақының өсуі қарттардың тұрмысына тікелей әсер етпейтіндігін атап өтеді. Мысалы, Люксембургте ең жоғары табысы бар адамдар тұрады, бірақ ол бар болғаны 16-орында тұр.

Ғаламдық рейтинг қарт адамдардың негізінен Солтүстік және Батыс Еуропада, Солтүстік Америка және Шығыс Азия мен Латын Америкасының кейбір елдерінде тұратындығын көрсетіп берді. Қарттар өмірінің жайлылығы бойынша үздік ондыққа Нидерланды, Канада, Швейцария, Жаңа Зеландия, АҚШ, Исландия және Жапония кіреді. Бұрынғы КСРО елдерінен алдыңғы орында Эстония (19) тұр.

Зертеушілер сонымен бірге XXI ғасырдың ортасында адамзатты тағы бір проблема күтіп тұрғанына назар аударады: Жердегі 60-тан асқан адамдардың саны екі есеге өсіп, 22 % құрайды. Қарттар саны бүгінгі 809 млн. адамнан 2 млрд. 31 млн-ға жетеді.