Швед археологтері XII ғасырға тиесілі күміс монеталарды тапты
СТОКГОЛЬМ. KAZINFORM – Швециядағы археологтар XII ғасыр орталарына тиесілі 170 күміс монетадан тұратын ерекше олжа тапты. Бұл туралы әзербайжанның АЗЕРТАДЖ агенттігі жазды.
Монеталар Висингсё аралындағы Браха шіркеуіндегі қабірлердің бірінен табылған. Йёнчепинг округі мұражайының археологтары Браха шіркеуінде геотермиялық жылыту орнатуға байланысты жер қазып, құбыр төсеп жатқан сәтте екі адамның сүйегі табылған.
– Біз қабірлердің қандай екендігін түсіну үшін жерленгендердің сүйектерін шығардық. Кенеттен үш күміс монета көрінді,– дейді археолог Анна Оден.
Қабірден күміс брактеаттар деп аталатын барлығы 170 монета табылған. Сарапшылардың алғашқы сараптамасынан кейін олардың 1150-1180 жылдар аралығында жасалғаны анықталды. Корольдік монета сарайының қызметкері Ива Йонссон мұны сенсация деп атады.
– Бұл Геталандтағы ерте ортағасырлық монеталардың тарихын өзгертеді және көп жағдайда белгісіз кезеңдерге түсінік береді, – дейді ол.
Табылған монеталар археологтар арасында үлкен қызығушылық тудырды, өйткені қабірдегі мұндай монеталардың кейбірі бұрын-соңды табылмаған. Йёнчепинг округінің мұражайының мәліметі бойынша, христиан қабірлерінен заттарды табу әдеттен тыс, өйткені әдет-ғұрып алғашқы қауымдық дәуірден басталады.
Археологтардың пайымдауынша, монеталар табылған бейіт – 20-25 жас аралығындағы адамға тиесілі. Археологтарды оның неліктен брактеаттармен бірге жерленгені ойландырып отыр. Монеталар консервацияға жіберілмес бұрын, олар Йёнчепинг округінің мұражайында көрмеге қойылады.