Шведова мен Дияс «Уимблдоннан» кейін әлемдік рейтингте жоғары ілгеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Уимблдонда» сәтті өнер көрсеткен қазақстандық теннисшілер әлемдік рейтингтегі жағдайларын түзеп алды.

sports.kz сайтының жазуынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Ярослава Шведова WTA рейтингісінде 52-орынға көтерілді. 53-орында тағы бір қазақстандық Зарина Дияс орналасқан. Галина Воскобоева 107-сатыға құласа, Сесиль Каратанчева 183-орынға дейін төмендеді. Юлия Путинцева (214-орын) мен Камила Керімбаева (303-орын) да рейтингтегі көрсеткіштерін жақсарта алмады.

Әлемдік қыздар теннисіндегі көшбасшылардың алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды: америкалық Серена Уильямс бірінші, қытайлық На Ли - екінші, румын қызы Симона Халеп - үшінші.

Ерлер арасында Андрей Голубев 56-сатыда, ал Михаил Кукушкин 63-ші орынды қанағат тұтуда. Испандық Рафаэль Надаль бірінші орынды сақтап қалды, «Уимблдон-2014» жеңімпазы Новак Джокович оны өкшелеп келеді, үшінші орында швейцариялық Стэн Вавринка.