Швеция адам өмірінің ұзақтығы бойынша көшбасшылық орнын жоғалтып жатыр

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — 1970-жылдардың басында Швеция адам өмірінің орташа ұзақтығы бойынша әлемде бірінші орында тұрған болатын, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Бүгінде бұл ел 10-орынға түсіп қалған. Қазір Швеция бұл көрсеткіш бойынша Италия, Испания және Жапониядан қалып қойып отыр.

Каролин институтының доценті Карин Модигтің айтуынша, Швеция нәресте өлім-жітімін төмендетуге ерте қол жеткізіп, ұзақ уақыт бойы бұл артықшылықты сақтап келген. Қазіргі кезде балалар арасындағы өлім-жітім деңгейі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болып саналады (0,2 пайыз), сондықтан Швецияның өмір сүру ұзақтығы бойынша артта қалуының басты себебі — егде жастағы адамдар арасындағы өлім деңгейінің жоғары болуы.

Әсіресе, Швецияда 85 жастан асқан адамдар арасында өлім қаупі басқа көптеген елдерге қарағанда жоғары екені байқалып отыр. Алдын ала зерттеулер көрсеткендей, ерекше күтімді қажет ететін егде жастағы адамдар Швецияға қарағанда Жапония мен Оңтүстік Еуропада ұзақ өмір сүретін көрінеді.

— Біз Жапония мен Швецияда қарияларға күтім жасау мен өмірді қолдайтын шараларға қатысты мәдени айырмашылықтардың бар екенін білеміз. Мысалы, Швецияда қарт адам тамақ ішуден бас тартса, біз әдетте оған зонд қоймаймыз, оның шешіміне құрметпен қараймыз, — дейді К. Модиг.

Мамандардың пікірінше, Швецияның қазіргі жағдайына әсер еткен негізгі факторлар мыналар: швед әйелдері арасында темекі шегудің ерте таралуы, жұмыс пен отбасы арасындағы ауыр жүктемені қатар алып жүру, сондай-ақ тамақтану әдеттеріндегі ерекшеліктер.

Сарапшылар Швеция өмір сүру ұзақтығы ең жоғары елдер қатарына қайта қосылғысы келсе, егде жастағы адамдардың денсаулығы мен күтіміне ерекше назар аудару қажет деген ортақ пікірде. Себебі жастар арасындағы өлім-жітім деңгейі өте төмен болғандықтан, бұл бағытта жақсартуға болатын аса маңызды мәселе қалмаған.

Бұдан бұрын Швеция мен Сомали депортация мәселесі бойынша құпия келісім жасағаны анықталды.