Талқылау барысынан хабардар дереккөздердің мәліметінше, Nordic Compass салалық альянсы төрт елдің ұлттық биржаларын біріктіру және олардың реттеуші талаптарын үйлестіру нұсқаларын қарастырып жатыр.
Nordic Compass өкілдері Euronews-ке альянс бірнеше бағыттағы мүмкіндіктерді зерттеп жатқанын, алайда жұмыстың әзірге бастапқы кезеңде екенін хабарлаған.
— Капитал нарықтарына жауап беретін Nordic Compass бағыты стартаптардан, венчурлік жобалардан және өсу мен ауқымын кеңейту кезеңіндегі компаниялардан бастап, IPO-ға дейінгі барлық кезеңде капитал тарту мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл Солтүстік елдердегі биржалық листинг экожүйесін дамытуға да қатысты, — деді альянстың капитал нарықтары бағытының төрағасы, BlackRock компаниясының Солтүстік елдердегі басшысы Кристиан Клаузен.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс өтімділікті арттыруға қатысты бастамаларды қоса алғанда, көптеген мүмкіндікті талдауды қамтиды. Зерттеу әлі жалғасып жатыр және нақты бастамалар немесе қорытындылар бойынша әзірге келісім жасалған жоқ.
Басылымның мәліметінше, Nordic Compass альянсы мамыр айында Солтүстік Еуропаның 25-тен астам компаниясын, қорлары мен ұйымдарын біріктіретін жалпы салалық одақ ретінде құрылған. Оның құрамына Wallenberg Investments, EQT, Nordea, SEB, Nasdaq Nordic, Ericsson, Nokia, Saab, Ørsted және Novo Nordisk қоры сияқты ұйымдар кіреді.
Альянсты Финляндияның бұрынғы премьер-министрі Юрки Катайнен басқарады. Оның жұмысы капитал нарықтары, озық технологиялар, қорғаныс және энергетика бағыттары бойынша жүргізіледі.
Альянстың алғашқы бастамалары 4–5 қарашада Гётеборгта өтетін саммитте таныстырылуы тиіс. Капитал нарықтарына қатысты ұсыныс та осы жиында жариялануы мүмкін.
Солтүстік елдердің зейнетақы қорлары мен мемлекеттік инвестициялық қорлары шамамен 4 трлн доллар немесе 3,43 трлн еуро көлеміндегі активтерді басқарады. Бұл капитал төрт бөлек нарыққа бөлінген.
Бұған дейін Amazon-ның сатылым бойынша Walmart-ты басып озғаны туралы жаздық.