Швеция деректердің таралу қаупіне байланысты ChatGPT пен Claude қолдануға шектеу қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияда 26 қазаннан бастап үкімет аппараты қызметкерлеріне жұмыс компьютерлерінде ChatGPT пен Claude қолдануға шектеу енгізілді. Мұндай шешім құпия ақпараттың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты қабылданды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: picture alliance / photothek / ТАСС

Енді үкімет мекемелерінің қызметкерлері жұмыс компьютерлерінен OpenAI компаниясының ChatGPT және Anthropic компаниясының Claude сервистерінің браузерлік нұсқаларын пайдалана алмайды.

Бұл шешім Швецияның Көлік басқармасында жасанды интеллект құралдарының қолданылуына жүргізілген тексеруден кейін қабылданды. Бұған дейінгі аудит барысында аталған сервистерді қызметтік міндеттерді орындау кезінде пайдалануға қатысты мәселелер анықталған.

Билік өкілдері деректерді қорғау жөнінде тиісті келісімдер болмаған жағдайда, жасанды интеллект жүйелеріне енгізілген құпия мәліметтер сақталып, модельдерді одан әрі оқыту үшін пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді.

Швеция үкіметі кеңсесінің цифрландыру жөніндегі директоры Микаэль Веттеркранцтың айтуынша, мемлекет мақұлдамаған платформаларды пайдалану ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.

Балама ретінде қызметкерлерге Microsoft Copilot сервисін пайдалану ұсынылды. Бұл құрал қауіпсіздік тексеруінен өткен және Microsoft компаниясы мен Швеция билігі арасындағы деректерді қорғау туралы келісім аясында қолданылады.

Дегенмен ChatGPT пен Claude сервистерінен толық бас тарту көзделмеген. Қызметкерлердің шектеулі тобы Швеция билігі әзірлеген, жасанды интеллект көмекшілеріне арналған арнайы қорғалған платформа арқылы бұл жүйелерді пайдалануды жалғастыра алады.

Швецияның Sveriges Radio қоғамдық хабар тарату қызметінің мәліметінше, осындай шектеулер елдің Салық басқармасы мен Мәжбүрлеп емдеу жөніндегі ұлттық басқармасында да қолданылады. Ал Швецияның Сот орындаушылары қызметі де осындай шараларды енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

ChatGPT пен Claude, сондай-ақ Қытайдың DeepSeek платформасы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына байланысты Швеция үкіметі аппараты қызметкерлеріне тікелей пайдалануға рұқсат етілмеген жасанды интеллект сервистерінің қатарына кіреді.

Бұған дейін OpenAI компаниясы ChatGPT пайдаланушыларының 53 суреті ЖИ агенттері арқылы тарап кеткенін мәлімдеді.