Швеция электромобильдерді қозғалыс кезінде қуаттауға болатын жолдар салады

Фото: Фото: WSP/Trafikverket

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияда, 2045 жылға қарай, ұзындығы үш мың шақырымды құрайтын әлемдегі алғашқы электромобиль жолы пайда болады, деп хабарлайды Euronews. 

Мұндай жолда электромобильдерді қозғалыс кезінде зарядтауға болады.

Өткен айда Еуропалық Одақ 2035 жылдан бастап сатылған барлық жаңа көліктердің шығарындылары нөлдік болуын талап ететін заң қабылдады. Еуропа елдері қазба отынсыз көліктерге қажетті инфрақұрылымды дайындауға кірісіп жатыр.

Швеция өзінің магистральдарының бірін әлемде бірінші болып электромобиль жолына айналдыруда. Мұндай жолда жеңіл және жүк көліктері қозғалыс кезінде қуат алады.
Сарапшылар мұндай динамикалық зарядтау кішірек батареялармен ұзағырақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді және жүргізушілерді зарядтау станцияларында уақыт жоғалтудан сақтайды деп түсіндіреді.

Швеция электрлендірілген жолдар саласында алғашқы болды, қазірдің өзінде бірнеше пилоттық жобаларды, соның ішінде әлемдегі алғашқы уақытша электрлік жолды іске қосты.
Жоба 2025 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Көлікті зарядтау түрі әлі анықталған жоқ. Бүгінгі күні олардың үш түрі бар: контактілі жүйе, индуктивті және кондуктивті жүйе.

Контакт тек ауыр көліктер үшін ғана қолданылуы мүмкін. Бұл жүйе автобустың немесе трамвайдың белгілі бір түрін электрмен қамтамасыз ету үшін әуе сымдарын пайдаланады.
Кондуктивті жүйе смартфондарға арналған зарядтау алаңы сияқты жұмыс істейді. Бұл жағдайда электромобиль арнайы аймаққа кірген кезде сымсыз зарядталады.

Индуктивті жүйеде жолдың астында орналасқан арнайы жабдық қолданылады. Электромобильдер мыс катушкасынан және басқару модулінен қуат алады.

Еске сала кетейік, Швеция ядролық шабуылға қарсы он мыңдаған бункерін күшейтпек.