Швеция мен Сомали депортация мәселесі бойынша құпия келісім жасаған

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — 2023 жылдың желтоқсанында Стокгольм мен Сомали үкіметі арасында құпия келісім жасалғаны белгілі болды. Бұл туралы Ekot атты Швеция радиосының жаңалықтар бөлімі хабарлады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Осы келісім бойынша халықаралық көмек бюджетінен 100 млн швед кроны (шамамен 9,2 млн АҚШ доллары) Сомали Премьер-министрі кеңсесіне қатысты жобаларға бағытталған. Оның орнына Сомали Швециядан депортацияланған азаматтарын кері қабылдауға келіскен.

Келісім жасалғаннан кейін, Сомалиге мәжбүрлі депортациялар саны күрт артқан. Өткен жылы Швеция 28 адамды Сомалиге күштеп қайтарды.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, сомалилік тарап қаржылай көмекті бөлу кезінде премьер-министрдің айналасындағы адамдардың ықпалын күшейтуді талап еткен. Сонымен қатар, екі ел де келісімді құпия ұстауға тырысқан.

Алғашқы 40 млн крон (3,6 млн доллар) 2024 жылы аударылған, ал қалған 60 млн крон (5,5 млн доллар) сол жылдың жазында Сомали Премьер-министрі кеңсесі мен БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP) бірлескен жобасы арқылы берілген.

Алайда, Сомали — әлемдегі ең жоғары жемқорлық деңгейі бар елдердің бірі, бұл жағдай Швецияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (Sida) тарапынан сынға ұшырауына себеп болды. Сарапшылар бұл жобаны «жоғары тәуекелді», мақсаттары мен нәтижелері «түсініксіз» деп бағалады.

Швецияның сыртқы сауда және халықаралық ынтымақтастық министрі Бенжамин Дуса көмек пен миграция арасындағы байланысты депортацияларды көбейту үшін қажет деп түсіндірді. Ол жобаны жүзеге асыруға Sida және елшіліктер жауапты екенін айтты. Ал Sida агенттігі бұл жобаны өз бетінше қаржыландырмас едік, үкіметтің талабы болғандықтан қолдадық деп мәлімдеді.

Сомали тарапы әзірге ешқандай пікір білдірмеді.

Айта кетейік, Ekot бұл келісімді әшкерелегеннен кейін, министр Бенжамин Дуса оппозицияның талабымен парламенттің Сыртқы істер комитетіне шақырылды.

Бұған дейін Швециядағы әлеуметтік реформа Данияның қателігін қайталауы мүмкін екені айтылды.