Швеция үкіметі 2030 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтінім беру бойынша елдің олимпиада комитетінің (SOK) бастамасына қолдау білдірді, деп хабарлайды Kazinform SOK сайтына сілтеме жасап.
Биылғы ақпан айында Швеция 2030 жылғы ақ Олимпиаданы ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы мәлім етілген еді. Дүниежүзілік доданы елдің Стокгольм, Фалун, Оре, Идре және Эстерсунд қалалары қабылдай алады. Жарысты өткізуге мүмкіндіктің бар-жоғына алдын ала зерттеу маусым айында аяқталып, өтінім беру жобасы екінші кезеңге өтті.
Швеция Үкіметі өтінім беру үшін SOK-қа қажетті қолдау мен қаржылай кепілдік уәде етті.
Айта кетейік, Швеция бұдан бұрын 2026 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер елдердің бірі болды. Алайда Халықаралық олимпиада комитетінде өткен дауыс беру нәтижесі бойынша бұл мүмкіндікке Италия қол жеткізді.
Халықаралық Олимпиада комитеті 2030 және 2034 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары өтетін мемлекетті 2024 жылы анықтайтын болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.