Швеция жатыр мойны обырын жеңген алғашқы ел атануы мүмкін

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияда жыл сайын шамамен 530 әйел жатыр мойны обырына шалдығады. Орта есеппен әр үш күн сайын бір әйел осы дерттен көз жұмады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Қазіргі таңда Швеция бұл қатерлі ісікті толықтай жойған әлемдегі алғашқы ел атану мүмкіндігіне ие.

Аурудың негізгі себебі — адам папилломасы вирусы (АПВ). Ол жыл сайын шамамен 1100 қатерлі ісік түрінің дамуына себеп болады, оның 500-ден астамы — жатыр мойны обыры.

Бұл аурудың алдын алу үшін Швецияда кең ауқымды вакцинация бағдарламасы іске қосылды.

2025 жылдың 30 маусымына дейін 1994–1999 жылдары туған әйелдер АПВ-ге қарсы тегін вакцина ала алады. Қазіргі таңда қажетті 70% көрсеткіштің 59%-ы ғана қамтылған. 30 маусымнан кейін екпенің құны шамамен 6000 швед кронын (шамамен 550 АҚШ доллары) құрайды.

22 мамыр күні бүкіл ел бойынша бірқатар кинотеатрларда вакцинация жүргізіледі. Екпе тегін, ал салдырғандарға киноға тегін билет ұсынылады.

Бұл бастаманы Швецияның барлық 21 өңірі, Қатерлі ісікпен күрес қоры (Cancerfonden), Capio медициналық желісі және Filmstaden кинотеатрлар желісі қолдап отыр.

Кейбір өңірде 2000–2001 жылдары туған әйелдер де тегін вакцинация салдыра алады.

Осыған дейін Швецияда жоғары жұмыссыздық деңгейі тіркелгенін жаздық.